Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытауда полицейлер "Учаске" іс-шарасы аясында тәртіпті күшейтті

Ұлытау облысында "Учаске" жедел профилактикалық іс-шарасы аясында бір аптада 400-ден астам құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлытау облысында 1 қыркүйектен бастап "Учаске" жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция жасақтары және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар бірлесіп жұмыс істеуде. Тәртіп сақшылары пәтерлерді, аулаларды және саяжайларды аралап, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әңгіме барысында азаматтарға мүлікті қорғау, алаяқтық пен ұрлықтан сақтану жолдары түсіндіріліп, құқықтық кеңестер берілді.

Сонымен қатар патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бақылап, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалауда. Ал кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жасөспірімдердің түнгі уақытта заңсыз жүрмеуін тексеріп, алдын алу шараларын қабылдауда.

Алғашқы жеті күннің қорытындысы бойынша облыс аумағында 400-ден астам құқық бұзушылық тіркелді. Барлық фактілер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру