Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытауда полиция алаяқтық сипаттағы контенті бар мыңнан аса сайтты бұғаттады

Ұлытауда полиция алаяқтық сипаттағы контенті бар мыңнан аса сайтты бұғаттап, 119 млн теңге залалды өндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен жылы қабылданған тиімді шаралардың нәтижесінде облыста ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны едәуір азайды. Бұл туралы Ұлытау облысы полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев Жаңаарқа ауданында халық алдындағы есептік кездесуінде мәлімдеді. Есептік кездесуге аудан тұрғындарымен қатар, өңірдің өзге де аудан-қалаларынан келген азаматтар қатысып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Кездесу барысында полиция қызметінің негізгі бағыттары, 2024 жылы қол жеткізілген нәтижелер және алдағы уақытта жүзеге асырылатын шаралар туралы егжей-тегжейлі есеп берілді.

Департамент басшысы Қайыркен Әлиев өз сөзінде: "Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты – полицияның жедел-қызметтік жұмыстарын жан-жақты талқылау, азаматтармен ашық диалог орнату, өткен жылдағы жетістіктер мен кемшіліктерді саралау және алдағы уақыттағы міндеттерді айқындау. Бұл – біздің ортақ мүддеміз", – деп атап өтті.

Есептік кездесу барысында облыстағы қылмыстық ахуал, жол-көлік қауіпсіздігі, мал ұрлығы секілді өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің қылмысқа қарсы күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарған жұмыстары есепке алынды.

Департамент басшысы интернет-алаяқтық қылмыстарының өсуіне байланысты жаңа  бөлімінің құрылғанын жеткізді. Бұл бөлім жоғары білікті мамандардан құралған және киберқылмыстарға қарсы күрестің тиімді әдістерін қолдануда.

Кибрерпол бөлімінің қызметкерлері алаяқтық сипаттағы контенті бар 1016 сайтты бұғаттап, интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша 39 қылмысты ашты. Осы істер бойынша 119 миллион теңге көлеміндегі залал өндірілді. Сонымен қатар биылғы жылдың 10 ақпанында Жезқазған қаласында шетелдік азамат ұсталды. Ол 128 сим-карта орнатылған Sim-box құрылғысы арқылы алаяқтық қоңыраулар жасап, 4 күн ішінде 21 175 қоңырау шалғаны анықталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Кездесуге қатысушылар полицияның жұмысына жоғары баға беріп, бірқатар нақты мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар жасады. Халықтың пікірлерін ескере отырып, алдағы уақытта қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді.

Қайыркен Әлиев есептік кездесулерді облыстың өзге де аудан-қалаларында жалғастыратынын жеткізіп, бұл арқылы халықтың қауіпсіздігін нығайту және тәртіпті сақтау бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыруға бағытталған шаралардың қолға алынатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру