Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытауда құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді

Ұлытау облысының қала-аудандарында әкімдік жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырыстары өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиынға арнайы іссапармен барған полиция департаменті бастығының орынбасары Асхат Дюсембеков төрағалық етті.

Күн тәртібінде қоғам тыныштығын сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралардың орындалу барысы қаралды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – тек тәртіп сақшыларының ғана емес, барша азаматтың ортақ міндеті екені ерекше атап өтілді.

Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасымен қабылданған "Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік жасап қамтамасыз етудің 2024–2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын" іске асыру мәселесі талқыланды. Бұл бағытта полицияның материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен жаңарту, бейнабақылау жүйелері мен заманауи цифрлық технологияларды енгізу жайы қозғалды. Мұндай шаралар тәртіп сақшыларының жұмыс сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың сенімін нығайтуға ықпал ететіні айтылды.

Келесі қозғалған мәселе – "Полицияның қоғамдық көмекшілері" жобасы. Бұл бастама қоғам мен полиция арасындағы әріптестікті нығайтып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Жоба әрбір азаматқа қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне белсенді қатысуға мүмкіндік береді.

2025 жыл "Профилактика" жылы деп жарияланғанына сәйкес, өңірде түсіндіру жұмыстары, кездесулер мен рейдтік шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Әсіресе жастардың құқықтық мәдениетін арттыру мен заңға деген құрметті қалыптастыру негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.

Сонымен қатар ауылдық жерлердегі өзекті мәселе – мал ұрлығының алдын алу талқыланды. Бұл ретте шаруа қожалықтарына малды қараусыз қалдырмау, күзет ұйымдастыру, құжат рәсімдеу және таңбалау талаптарын сақтау қажеттілігі ескертілді. Полиция өкілдері ауыл тұрғындарын кез келген құқық бұзушылықты дер кезінде хабарлауға шақырды.

Жиын қорытындысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды күшейту, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ынтымақтастықты арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру