Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытауда тәртіп сақшылары 101 жастағы тыл ардагеріне құрмет көрсетті

Ұлытауда тәртіп сақшылары 101 жастағы тыл ардагеріне құрмет көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлытау облысы полиция департаментінің қызметкерлері елге еңбегі сіңген аға буынға тағзым ретінде игі іс атқарды. Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобы 101 жастағы тыл ардагері Искакова Раш апамызға жаңа жеке куәлікті ресімдеп, оны салтанатты жағдайда табыстады.

1924 жылы дүниеге келген Раш апа сұрапыл соғыс жылдарында тылда тынымсыз еңбек етіп, жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосқан жан. Уақыт өте жеке куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткендіктен, құжатты жаңарту қажет болған.

Қарияның өтініші назардан тыс қалмады. Көші-қон қызметінің мамандары бұл мәселені шұғыл әрі жауапкершілікпен қарастырып, барлық рәсімдерді қысқа мерзімде аяқтады. Жасын, денсаулығын және өмірлік жолын ескере отырып, жаңа құжат ардагердің үйінде ерекше ілтипатпен табысталды.

Бұл – жас ұрпақтың аға буынға деген құрметі мен елге сіңірген еңбекті бағалаудың жарқын үлгісі. Полицейлердің бұл қадамы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен адамгершілік қағидаларын үйлестіре жүзеге асырудың айғағы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру