Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үміт отын үрлеген офицер: полиция қызметкерінің есінде қалған бір қоңырау

Полиция қызметкері Лаура Отарбаеваның қызмет жолында жүздеген шақырту болғанымен, бір ғана оқиға оның жүрегінде ерекше із қалдырды. Бұл – көпбалалы отбасының балалары бір ғана мектеп формасын бөлісіп киіп, білім алуға талпынған жан тебірентерлік жағдай еді. Офицер бұл отбасыға тек қызметтік көмек емес, адамдық жанашырлық танытып, олардың тағдырын өзгертуге себепші болды. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Полиция подполковнигі Лаура Отарбаеваның қызметтік тәжірибесінде талай қиын да күрделі шақыртулар тіркелген. Бірақ олардың арасында жүрегінде ерекше орын алған, есінен кетпейтін бір оқиға бар. Бұл – дабырасы жоқ, алайда жан дүниесін терең қозғаған жағдай еді.

Оқиға 2019 жылы орын алды. Қалалық мектептердің бірінен ювеналды полицияға ерекше алаңдаушылық білдірген хабарлама келіп түсті. Көпбалалы отбасындағы балалар сабаққа үнемі кешігіп келіп, кейбірі мүлде қатыспайтын болған. Мектеп әкімшілігі жағдайдың себебін анықтай алмай, ювеналды полиция көмегіне жүгінді.

Лаура Еркінғожина мәселені кейінге қалдырмай, сол күні-ақ отбасының тұрмыс жағдайын тексеруге аттанды. Үйге кіре салысымен, шындықтың мәні белгілі болды: балалардың бар болғаны бір ғана ауыстырып киетін киімдері бар екен. Бірі сабақтан ерте шығып, сол киімді екіншісіне береді. Кім үлгерсе – мектепке барады, үлгермегені – үйде қалады.

— Бұл жағдай біз үшін күтпеген жайт болды. Осындай қиындыққа қарамастан, балалардың бәрі үздік оқушы, білімге деген құштарлықтары ерекше еді, — деп еске алады Лаура Отарбаева.

Ол бұл жағдайды тек қызметтік тексеру деңгейінде қалдырмады. Әріптестерімен бірге отбасына киім-кешек, оқу құралдары мен мектеп формасын алып беріп, ұзақ мерзімді қолдау көрсетуді жолға қойды. Ең бастысы – балалардың білім алуға құқығы қорғалды.

— Мен үшін басты марапат – бұл нәтижені көру. Баланың мектепке қайта оралуы, ата-ананың түзелуі, үйде жылулық орнауы – осындай сәттер үшін қызмет етуге болады, — дейді Лаура.

Кейде бір ғана қоңырау – бір отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін. Ал сол қоңырауға шынайы жанашырлықпен жауап берген офицер – адамдарға үміт сыйлайтын жан. Лаура Отарбаева үшін бұл – әрқашан борыш пен жүрек ісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру