Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үнсіз айғақтың ізімен: криминалист жұмысының көрінбейтін қыры

Криминалист жұмысының көрінбейтін қыры жайлы Polisia.kz сайты ақпарат ұсынады.

Жедел басқару орталығына оқиға жөнінде хабар түскен сәтте ең алдымен чемоданын жинайтын – криминалист. Чемоданында дактилоскопиялық ұнтақтардан бастап микробөлшектерді анықтауға арналған күрделі құрылғыларға дейін бар. Оқиға орнына келген криминалистің негізгі міндеті – "қылмыскерді іздеу" емес, заттар мен іздер қалдырған үнсіз әңгімені тыңдау.

Басқа қызметкерлер жалпы жағдайды бағалап жатқанда, криминалист өзіне тән тыныш жұмысты бастайды: бекітеді, суретке түсіреді, өлшейді, байқайды. Көзге көрінбейтін ұсақ-түйекті көре біледі: терезедегі микроскопиялық талшықты, әйнектің ұсақ сынығын, аяқ киім ізіндегі сәл бұлғанған сызықты.

— Көпқабатты үйлердің бірінің ауласында орын алған көліктен жасалған ұрлық кезекті ашылмаған қылмысқа айналуы мүмкін еді. Алайда көзге әрең көрінетін қол саусағының ізі қаскөйді анықтауға негізгі дәлел болды, — деп әңгімесін бастады Екібастұз қалалық ПБ криминалисті Қанат Молдажанов.

— Жедел тергеу тобы оқиға орнына жәбірленушінің өтінішінен кейін дереу жетті. Алғашында айтарлықтай айғақ жоқтай көрінді: қаскөй өте ұқыпты әрекет еткен. Дегенмен, тексеру кезінде мен терезенің жиегіне назар аудардым. Магнитті дактилоскопиялық ұнтақ пен арнайы қылқаламдарды қолдана отырып, көзге көрінбейтіндей жартылай бұлғанған саусақ ізін анықтадым. Ол жай көзбен байқалмайтын әлсіз із болғанымен, зерттеуге жеткілікті еді. Ізді мұқият бекітіп, түрлі жарық режимдерінде суретке түсіріп, кейін арнайы пленкаға түсірдім. Нәтиже көп күттірмеді: саусақ ізі автоматтандырылған сәйкестендіру базасына енгізіліп, осыған дейін ұқсас қылмыс үшін сотталған ер адамның дактилоскопиялық картасымен сәйкес келді. Бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді, — деп жалғастырды офицер.

— Криминалистің жұмысы оңай емес: оқиғаның толық картинасын дәл қалпына келтіру қажет. Бұл физикалық төзімділікті де, психологиялық берік болуды да талап етеді. Көбінесе шаң-тозаңда, ласта, қауіпті заттардың қасында жұмыс істеуге тура келеді. Сонымен қатар, жұмыс кестесі алдын ала жоспарланбайды: қылмыстар белгілі бір уақытқа "байланбайды", сондықтан тәуліктің кез келген мезгілінде жұмысқа шығуға дайын болу қажет. Біздің қызметте ұсақ-түйек деген жоқ: әрбір із – шындыққа бастар кілт, — дейді Қанат.

— Полицияға мен жүрек қалауымен келдім. Балалық шағымнан әскери фильмдерге қызығып, үздік болуға ұмтылдым, білім алып, қажетті дағдыларды меңгердім. Туған жерім де, өскен ортам да — Екібастұз. Қызметімді 2019 жылы Аққулы аудандық полиция бөлімінде криминалист лауазымынан бастадым. Сол жерде жұмыс негіздерін үйрендім, аға әріптестерімнің барлық кеңестерін әлі күнге дейін жадымда сақтаймын. 2023 жылы Екібастұзға ауыстым. Осы жылдар ішінде таңдауыма еш өкiнген емеспін, — деп атап өтті офицер.

Қанаттың айтуынша, жедел-криминалистік бөлімшеде ерекше қасиеттері бар адамдар қызмет етеді: сабырлы, мұқият, адал, асығыс шешім қабылдамайтын. Өйткені олардың қорытындысына адамның тағдыры тәуелді, сондықтан қателікке жол жоқ.

Қызметтің жоғары қарқыны мен ретсіз жұмыс кестесіне қарамастан, жұмыс аяқталған соң офицер Молдажанов үйіне , сүйікті жұбайы мен екі ұлы күтетін үйіне асығады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру