Үнсіз дәлелдер тілін түсінетін маман
Абай облысы полиция департаментінің Жаңасемей аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі, полиция аға лейтенанты Тұрлыханова Лаура Асұланқызы үшін әрбір таң – жаңа жауапкершіліктің бастауы. Үнсіз дәлелдер тілін түсінетін маман Лаура Тұрлыханова, – деп хабарлайды Рolisia.kz.
Таңғы уақыт. Қызметтік киім – тек нысан ғана емес, тәртіп пен серттің белгісі. Погон тағылған сәттен бастап ол – жеке адам емес, заң мен әділеттің өкілі. Күн тәртібі алдын ала жоспарланғанымен, криминалист жұмысы күтпеген шақыртулармен өлшенеді.

Бөлімге кезекті хабарлама түседі: жол-көлік оқиғасы. Бірнеше минут ішінде ол оқиға орнына жетеді. Көзге көрінетін көріністің артында – дәлелдер сөйлейтін кеңістік бар. Тежеу іздерінің ұзындығы, асфальттағы микробөлшектер, көлік құралдарының зақымдану бұрышы, заттардың орналасу тәртібі – барлығы үнсіз ақпарат көзі.
Лаура Асұланқызы үшін бұл жай ғана апат орны емес, нақты деректер жүйесі. Ол фотофиксация жүргізеді, өлшеу құралдарын қолдана отырып сызбалар жасайды, трасологиялық ерекшеліктерді тіркейді. Әрбір миллиметр, әрбір белгі кейін тергеу шешіміне ықпал етуі мүмкін екенін ол жақсы біледі. Сондықтан әрекет – нақты, ой – салқын, шешім – объективті.

Криминалистика эмоцияны емес, дәлдікті талап етеді. Оқиға орнында адамдардың күйзелісі сезіледі, алайда кәсіби ұстаным – бейтараптық. Себебі шынайы әділдік тек фактілерге сүйенеді.
Түстен кейін бөлімде жиналған материалдарды талдау басталады. Фото және бейнематериалдарды жүйелеу, хаттамаларды рәсімдеу, сараптамалық қорытындыға негіз болатын деректерді бекіту – бұл көрінбейтін, бірақ аса маңызды еңбек. Құжаттағы бір ғана дәлсіздік істің тағдырына әсер етуі мүмкін.
Қызмет күні кешкі уақытпен шектелмейді. Қажет болса, қайтадан шақырту. Қайтадан оқиға орны. Қайтадан дәлдік.

Осындай қарбалас күннің артында жеке өмір де бар. Үйге оралғанда оны сенімді тірегі – жұбайы қарсы алады. Ол да құқық қорғау саласында, киберқылмыспен күрес бағытында қызмет етеді. Оларды біріктіретін – ортақ мамандық қана емес, заң мен қауіпсіздікке деген ортақ жауапкершілік.
Кішкентай Абдурахманның күлкісі – күн бойғы шаршауды ұмыттыратын ең үлкен марапат. Оның болашағы үшін, қауіпсіз қоғам үшін атқарылған әр іс – қызметтің шынайы мәні.
Тұрлыханова Лаураның бір күні – бұл тек қызметтік міндеттер жиынтығы емес. Бұл – тәртіп, кәсібилік, табандылық және саналы таңдалған өмірлік жол.
Бір кездері арман болған мамандық бүгінде – нақты іске, ал күнделікті еңбек – ел қауіпсіздігіне қосылған үлеске айналды.
