ҰОС ардагері Иван Макеев – Қазақстан көлік полициясының мақтанышы
ҰОС ардагері Иван Макеев – Қазақстан көлік полициясының мақтанышы, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол – үнемі белсенді, қайраткерлігі басым, өмірді шексіз сүйетін адам. Оны әріптестері сабырлы, кеңпейіл мінезі мен адамдарға деген жылы қарым-қатынасы үшін сыйлап, құрмет тұтады. Мұның бәрі бүгін Ұлы Жеңістің 79 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Макеев туралы.
Ол мерекеге кеудесі орден мен төсбелгілерге толы костюмін арнайы киіп келді. Тараз станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Олег Родякин жеке құрам атынан Иван Макеевті құттықтап, оған бағалы сыйлық пен ақшалай сыйлықтарды және азық-түлік себетін тарту етті.
Ол сондай-ақ ардагерге көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың атынан жолданған алғыс хатты табыстады.
– Сұрапыл соғыста қаһармандықпен шайқасып, Ұлы жеңіске қол жеткіздіңіздер. Ұрпағына ашық аспан, бейбіт өмір сыйлаған есіл ерлеріміздің асқақ рухы алдында әрдайым тағзым етеміз. Батыр бабаларымыздың жаужүрек ерлігі бізге өнеге. Сізге шын жүректен зор денсаулық, ұзақ өмір, амандық пен бейбітшілік тілеймін, – деп жазылған департемент бастығы жолдаған хатта.
Көлік полицейлері оған бағалы және ақшалай сыйлық пен азық-түлік себетін табыс етті. Мерекенің құрметті қонағы құттықтауды ерекше ықыласпен қабылдап, алғыс білдірді.
Қазір соғыс және еңбек ардагері Иван Макеев Тараз қаласында тұрады. Ол – 97 жаста. Қанқұйылы соғыс пен қатал сынақтар, жауынгер достары мен жанынан жақын жандардың барлығы артта қалды. Алапат соғыс басталғанда Макеев 14 жаста ғана еді. Майданда жүрген ағалары сияқты оның да соғысқа аттанғысы келетін. 17 жасында кеңес әскерінің қатарына шақырылып, содан кейін ғана майданға аттанған. Соғыстан кейін де, яғни, 1951 жылға дейін жапон империалистеріне қарсы шайқастарға қатысып, Харбин, Мукден қалаларын азат етті. ІІ дәрежелі «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» орденінің иегері және 20-дан астам медальдармен марапатталған. 1951 жылы Иван Макеев демобилизацияланып, Қазақстанға оралды.
1953 жылы И. Ф. Макеев КСРО ІІМ Могилев арнайы көлік милициясы орта мектебіне оқуға түседі. 1955 жылы осы оқу орнын бітіргеннен кейін Жамбыл станциясындағы желілік ішкі істер бөліміне қызметке орналасады. Ішкі істер саласында 30 жыл табанды қызмет етіп, подполковник шенімен құрметті демалысқа шыққан. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де департаменттің Ардагерлер ұйымының жұмысына, басқа да қоғамдық өміріне белсенді араласып, кейінгі толқын әріптестеріне өзінің өнегелі өмір жолымен, адал еңбегімен үлгі көрсетті.
Иван Макеев зайыбы Мария Афанасьевнамен бірге екі бала тәрбиелеп, өсірді. Ұлы Отан соғысындағы оқиғалардың барлығы қарияның әлі күнге дейін жадында сақталып қалған және ол өз естеліктерімен үнемі бөлісіп отырады.
– Әкем әлі тың, естеліктерге толы күндер мен қызықты оқиғаларды жиі еске алады. Біз әкемізді мақтан тұтамыз, – дейді ардагердің қызы Ольга.
Шынында да Иван Макеев балалары мен немере-шөберелері үшін ең қымбат адам, ал әріптестері үшін ол әрқашан Отанын қорғаған батыр тұлға, тіпті оптимизмнің шынайы көрнісі әрі солай болып қала береді.
Ол бақытты адам. Расында өте бақытты, өйткені ол қанға бөккен майдан даласынан аман-сау оралды, жар сүйді, бала тәрбиеледі, қазір міне бейбіт күннің астында немере-шөберелерінің ержеткенін көрді. Алдағы ең жарқын мереке – Жеңіс күні келуін тағатсыздана күтуде.
Көптеген ардагерлеріміз келмеске кетті. Қанша жылдар өтсе де сұрапыл соғыстың ызғары, батыр ата-әжелеріміздің жанкешті ерліктері біздің жадымызда жаңғырып тұр. Біз миллиондаған адамдардың өмірінің астан-кестеңін шығарған қайғылы жағдайлардың жаңа деректерін білген сайын тарихқа тереңірек үңілеміз. Олардың басына түскен қасіретке толы сынақтар оларды рухты, батыл, әрі ержүрек қылды және өз Отаны мен халқын шексіз сүюге үйретті.