Ұрлаған скутер қала маңындағы саяжайлардың бірінен табылды
Талдықорған полицейлері ұрланған скутерді тауып алып, иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 23 жастағы бойжеткен хабарласып, өзіне тиесілі скутерді белгісіз біреудің ұрлап кеткенін жеткізген. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында қолды болған скутер қала маңындағы саяжайлардың бірінен табылды. Тәртіп сақшылары скутер иесін алып, жедел түрде аталған жерге жетті. Ол өзінің темір тұлпарын жазбай таныды. Скутерді айдап жүрген облыс орталығының 27 жастағы тұрғыны полицейлер келтірген айғақтардан кейін ұрлық жасағанын мойындады. Ұсталған азаматтың бұрын бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше рет сотталғаны белгілі болды. Сот шешімімен күдікті үйқамаққа алынды. Жәбірленуші өзінің бейне үндеуінде полиция қызметкерлерінің жәдел әрі нәтижелі жұмысы үшін оларға алғысын білдірді.