Ұрланған велосипед қырағы петропавлдықтың арқасында балаға қайтарылды
Ұрланған велосипед қырағы петропавлдықтың арқасында балаға қайтарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөліміне 13 жасар баласының велосипеді ұрланғанын айтып қала тұрғыны жүгінген. Құны 15 мың теңге тұратын Fnix велосипеді подъезден жоғалған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті – бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған 37 жастағы қалалық анықталды. Сол күні сатып алушы да табылды, күдікті оған олжасын бес мың теңгеге сатқан.
Полицейлер ер адамның полициядан арзан велосипед ұрланбады ма деп өзі сұрай келгенін айтады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-б. (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Ер адам олжасын еш өкінішсіз қайтарды, – деп хабарлайды Екінші полиция бөлімі бастығының орынбасары Самат Тастан. – Ол үшін балаға велосипедінің қайтарылғаны маңызды. Әлеуметтік желіде жоғалған велосипед туралы хабарлама көрсе, полицияға келуге оқталғанын айтты. Қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылыққа күдіктенсеңіз, бірден полицияға жүгіну қажет екендігін еске саламыз. Қазіргі уақытта күдіктінің ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Ұрланған зат иесіне қайтарылды. Қалалықтардан күдікті мәмілер жасамауға кеңес береміз. Ұрланған затты сатып ала тұра, сіз қылмыскерді жаңа ұрлық жасауға итермелейсіз.
Полицейлер күн райы жылынғаннан бері аталған қылмыс түрінің барынша артқанын айтады. Жиі аулалардан, подъездерден қолды болып жатады. Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда иелері велосипедтерін қалдырған кезде айдап әкетуге қарсы құрылғыларды пайдаланбайды. Қылмыскерлер жабық тұратын подъездерге кіру үшін үйдегі тұрғындардың бірінің есікті ашуын тосып тұрады екен. Кейде домофонды басып, өздерін түрлі қызметтердің жұмысшыларымыз деп таныстырып немесе туыстарымызға, таныстарымызға келдік деп есікті ашуларын өтінеді. Полицейлер, айдап әкетуге қарсы құрылғыларды пайдалануға және велосипедтерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Түнгілікке пәтерге не жертөлеге кіргізген дұрыс. Қылмыстарды ашуға және олардың алдын алуға бейнебақылау камераларының көмегі зор дейді тәртіп сақшылары.Петропавлдық полицейлер жыл басынан 13 велосипедін ұрлығын ашты.