Ұрлықтың алдын алу бойынша павлодарлық тұрғындарға полицияның кеңестері
Павлодар облысында жыл басынан бері өзгенің мүлкін ұрлаудың 16 фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осыған байланысты аймақтық полиция азаматтарға өз мүлкін қорғау бойынша бірқатар маңызды кеңестер береді.
Құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі – қылмыстың алдын алу тиімділігін арттыру және оның өсуін төмендетудің жаңа жолдарын іздеу. Алайда көп жағдайда ұрлықтың басты себебі – меншік иелерінің өз мүлкіне салғырт қарауы.
Полиция қызметкерлері азаматтарға қарапайым, бірақ тиімді қорғаныс тәсілдерін еске салады:
Көлікті ашық қалдырмаңыз, кілтті тұтандырғышта ұмытпаңыз.
Автокөліктің есіктерін міндетті түрде құлыптаңыз немесе қауіпсіздік жүйесін қолданыңыз.
Барсетка, сөмке, телефон сияқты құнды заттарды көлікте қалдырмаңыз.
Гаджеттерді әрдайым өзіңізбен бірге алып жүріңіз.
Құжатсыз телефондарды базарлардан, ломбардтардан немесе бейтаныс адамдардан сатып алмаңыз.
Құнды заттарды бекіткіші бар қалтаға салып, ішкі қалтаға орналастырыңыз.
Пәтерден шығар алдында барлық терезелер мен есіктердің жабық екеніне көз жеткізіңіз.
Кіреберіс есіктерге сенімді құлып орнатыңыз, сондай-ақ күзет сигнализациясын қосу әдетін қалыптастырыңыз.
Қандай да бір қылмыстық оқиғаның куәсі болсаңыз немесе құрбанына айналсаңыз, бірден 102 нөміріне хабарласыңыз немесе «Police 102» мобильді қосымшасын пайдаланыңыз.
Құқықтық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың негізі – «Заң және тәртіп» қағидаты. Бұл қағида заң бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің сөзсіз екенін растап қана қоймай, қылмыстың алдын алуға, қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Өз мүлкіңізге мұқият қарап, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз – бұл сіздің және жақындарыңыздың тыныштығының кепілі.