Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұрпақ жадында өшпестей із қалдырған ардагер

Жеңіс күні – ұрпақ жадында өшпестей із қалдырған, Отанның бостандығы мен бейбіт болашағы үшін жанын қиған жандарға деген шексіз алғыстың, ілтипаттың, тағзымның күні. Бұл – елге адал қызмет етудің, ерлік пен мәрттіктің мәңгілікке айналған мерекесі. Осындай қасиетті есімдердің қатарында – Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция полковнигі, абыройлы зейнеткер Тәңірберген Толғанбаев бар. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған Тәңірберген аға шекара әскерінің сапында жауға қарсы жан аямай күресті. Майдан даласындағы ерлігімен ғана емес, бейбіт күндегі еңбегімен де ел есінде қалды. Соғыстан кейін ел еңсесін тіктеу жолындағы қажырлы іске белсене араласты. Елге оралған соң, ішкі істер органдарында қызметін жалғастырып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне өмірін арнады. Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп, Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімін ұзақ жылдар бойы басқарып, жиырма жылдан астам уақыт табанды қызмет етті.

Ол – адалдығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында ел құрметіне бөленген тұлға. Оның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі, еліне деген жанашырлығы – әріптестеріне де, кейінгі толқынға да үлгі. Жамбыл, Ақсу және Іле аудандарының Құрметті азаматы атағына ие болуы – соның жарқын дәлелі.

Тәңірберген Толғанбаев – ел жадында ерлік пен адалдықтың символына айналған тұлға. Оның өнегелі өмірі – ұлт рухын биіктететін, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін шырақ іспетті. Батыр ардагерге тағзым – бұл Жеңіс күнінің мәнін тереңдете түсетін ұлы парыз. Ер есімі – ел есінде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру