Ұрпақтар сабақтастығы: әке жолын қуған полиция қызметкері
Әке жолын қуған полиция қызметкері қызметтік жолы жайында айтып берді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдарындағы қызмет – бұл тек мамандық қана емес, азаматтық парыз бен жүрек қалауынан туындайтын жол. Мақаншы аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі Бақытжан Мамашев — осы жолды саналы түрде таңдаған жас маман. Ол – ішкі істер органдарының ардагері Бауыржан Жаканбаевтың ісін жалғастырып, ел тыныштығын сақтауға бар күшін салып жүрген азамат.
Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қызметке адалдық пен жоғары жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Бақытжан бала күнінен әкесінің қоғамдық тәртіпті сақтау жолындағы қажырлы еңбегін көріп өсті. Сол көргені оны әділеттілікке, табандылыққа, халыққа қызмет етуге жетеледі.
– Әкемнің еңбек жолы мен үшін әрдайым үлгі болды. Ол кісі маған нақты іспен қандай болу керектігін көрсетті. Бүгінде сол жолды жалғап келемін, – дейді полиция аға лейтенанты Мамашев.
Бүгінде Бақытжан Бауыржанұлы – тәжірибелі тергеуші, аудан тұрғындарының сеніміне ие болған кәсіби маман. Ол өзінің күнделікті еңбегі арқылы қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып келеді.
Мұндай отбасылық сабақтастық – жас буынға өнеге, ал қызметке деген шынайы құрмет – нағыз офицер болмысының айқын белгісі.