Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұрпақтар сабақтастығы – болашаққа берік негіз

Қарағанды облысы полиция департаментінде жас қызметкерлер мен ардагерлердің кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәжіліс залында ел болашағы саналатын жас қызметкерлер мен ардагерлер, тәлімгерлердің мазмұнды кездесуі өтті. Ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жас мамандарды патриоттық рухта тәрбиелеу, ішкі істер саласындағы дәстүрді жалғастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шара Қазақстан полициясы күні қарсаңында өткізілді.

Іс-шара барысында департамент қатарына жаңадан қабылданған 15 жас қызметкерге алғашқы қызметтік куәліктері салтанатты түрде табысталды. Бұл - олардың кәсіби жолындағы алғашқы әрі жауапты қадам.

- Бүгін сіздер үшін тарихи әрі тағылымды күн. Ішкі істер органдарына қызметке тұрып, ант қабылдағаннан кейін алғашқы қызметтік куәлікті алу – үлкен мәртебе. Сіздер – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауапты саланың өкілдерісіздер. Сондықтан адалдық пен жауапкершілік – сіздерге артылған басты міндет, - деді жиын барысында Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Дәурен Ибраев.

Тәртіп сақшыларының кәсіби жолын бастап, қызметке бейімделуінде тәлімгерлік институтының орны ерекше. Осы ретте тәлімгерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Болат Ахымбеков жас мамандарды қолдау бағытында атқарылған жұмыстармен таныстырып, тәлімгерлердің тәжірибесін бөлісті.

- Жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беру - біздің парызымыз. Олардың бойында кәсіби білік пен моральдық ұстанымды қалыптастыру - ұрпақтар арасындағы алтын көпірдің бір көрінісі, - деді Болат Ахымбеков.

Кездесу барысында жас қызметкерлер өздерінің алғашқы әсерлерімен бөлісті. Полиция лейтенанты Дияс Қалымжанов бұл күннің өзінің өміріндегі ерекше сәттердің бірі екенін атап өтті.

– 2025 жылдың сәуір айында ішкі істер органдарына жұмысқа қабылдандым. Дайындықтан өтіп, бүгін қызметтік куәлігімді алып отырмын. Тәлімгерім осы саланың барлық қыр-сырын түсіндіріп, іс жүзінде үйретіп жүр. Алдағы уақытта Отаным үшін адал еңбек етемін, - деді ол.

Іс-шара соңында үздік тәлімгерлерге полиция департаменті бастығының алғыс хаттары табысталды. Бұл - жастардың кәсіби өсіп-жетілуіне үлес қосып жүрген мамандардың еңбегіне берілген әділ баға.

Осындай мазмұнды және тағылымға толы кездесулер - ішкі істер саласының мерейін арттырып, жас буынға сенім ұялатады. Ұрпақтар үндестігі мен үзілмейтін сабақтастық - нағыз кәсіби ортада қалыптасатын асыл құндылық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру