Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұрпақтар сабақтастығы: Оралда генералдар жас буынмен кездесті

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай республика көлемінде бірқатар ірі іс-шара ұйымдастырылуда. Осыған орай 22 сәуір күні Батыс Қазақстан облысына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ардагері, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсекұлының жетекшілігімен Генералдар кеңесі арнайы сапармен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сапар құрамында генерал-майорлар — Мұстафа Махамбет, Шаймұрат Отарбаев, Әлібек Сералиев, Өміртай Битимов және Төлеген Рахимжанов болды. Делегация Орал қаласындағы Жеңіс алаңына барып, ерлікпен ел қорғаған батыр бабалар рухына тағзым етті.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жеке құрамының қатысуымен өткен салтанатты рәсімде мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына құрмет көрсетілді.

Шара барысында генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсекұлы БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев пен Орал қаласының әкімі Мұрат Байменовті Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің естелік төсбелгісімен марапаттады.

Іс-шара соңында полиция департаментінің қызметкерлері сап түзеп, салтанатты маршпен жүріп өтті. Бұл — ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген ардагерлерге көрсетілген ерекше құрметтің белгісі.

Мұндай тағылымды кездесулер – өскелең ұрпақтың патриоттық рухын оятып, елдік пен ерліктің мәнін терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды шара.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру