Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұрпақтар сабақтастығы: полиция формасындағы әке мен бала

Полиция қызметі – батылдық пен адалдықты талап ететін сала. Бұл қызметке әркім келе бермейді, ал өз өмірін құқық қорғау ісіне арнап, оны ұрпағына үлгі еткен жандардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Осындай азаматтың бірі – Екібастұз қаласы полиция басқармасының учаскелік инспекторы туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Екібастұз қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Жеңіс Катбен құрметті зейнет демалысына шықты. Ал осы сәтте оның үлкен ұлы Санжар ішкі істер органдарына қызметке қабылданып, ҚР ІІМ Павлодар қаласындағы оқу орталығына курсант болып түсті.

Жеңіс Катбен 23 жыл бойы қоғамдық тәртіпті қорғау жолында аянбай еңбек етті. Қызмет барысында ол көптеген қиындықтар мен қауіп-қатерге кезікті, бірақ әрдайым өз ісіне адал болып қалды. Тәжірибелі тәртіп сақшысы ретінде ол талай рет кәсіби шеберлігін көрсетіп, полиция қызметкерінің биік мәртебесін абыроймен арқалады.

Жеңіс Құдайбергенұлы ішкі істер органдарындағы қызметін 2002 жылы Павлодар қаласындағы ҚР ІІМ училищесін тәмамдаған соң, Екібастұз ҚІІБ патрульдік полиция ротасында полиция сержанты шенінен бастаған еді. Ал 2024 жылдың тамыз айында ол Екібастұз қаласы ПБ учаскелік инспекторы қызметіне тағайындалды.

– Ұлымның полиция қызметкері болуы – оның өз таңдауы. Мен оған толықтай ерік бердім, бірақ мектепті тәмамдаған соң заңгер мамандығына оқуға түсетінін нық айтқан кезде таңғалған жоқпын. Ол сөзінде тұрды, университетті аяқтаған соң құжаттарын дайындап, ішкі істер органдарына қызметке кірді, – деп еске алады ардагер Жеңіс Катбен.

Полиция қызметкері үшін сенімді отбасының болуы өте маңызды. Себебі жақын жандардың қолдауы кез келген қиындықты жеңуге демеу болады. Жеңіс Құдайбергенұлы да балаларына жақсы тәрбие беріп, оларға әрдайым үлгі бола білді. Санжар, Айбар есімді ұлдары мен Зариат атты қызы – олардың ең үлкен мақтанышы.

– Әкесінің үлгісі ұлымның мамандық таңдауында шешуші рөл атқарды. Ұлымыздың әр жетістігіне қуанып, оның өсіп-жетілгенін мақтан тұтамыз. Ал оны алғаш рет полиция формасында көру – біз үшін үлкен мәртебе, - дейді жұбайы Самал Қабидоллақызы.

Осылайша, әкесі абыроймен атқарған қызметін енді ұлы жалғастыруда. Бұл – адалдық пен жауапкершілікті ұрпақтан-ұрпаққа аманат еткен отбасының шынайы тарихы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру