Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұрпақтар сабақтастығы: тәртіп жолындағы тағылым

Парасат пен патриотизмнің алтын арқауына айналған – Чукеевтер әулетінің тарихы жайында Polisia.kz редакциясы толығырақ баяндайды.

Қазақ халқы үшін "әулет" ұғымы – ұрпақтар сабақтастығы мен рухани тұтастықтың айғағы. Өнегелі істерімен, ұлағатты ұстанымдарымен ел жадында сақталып, сан ұрпаққа үлгі бола білген отбасылар қай кезеңде де ерекше құрметке ие. Осындай асыл дәстүрдің үлгісіндей, парасат пен патриотизмнің алтын арқауына айналған – Чукеевтер әулеті.

Бұл әулеттің негізін қалаған тұлға – мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Исалыұлы Чукеев. Ол 1892 жылы қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданының 18 ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 13 жасында байдың малын бағудан бастаған Мұхамбет Исалыұлы жастайынан зеректігімен ерекшеленіп, Гурьевтегі екі жылдық орыс-қазақ училищесін тәмамдап, ұстаздық қызмет атқарған. Кейін қоғам істеріне белсене араласып, Кеңес үкіметін орнатуға, ашаршылықпен күреске, құқық қорғау саласының құрылуына орасан үлес қосқан.

1921 жылы ол Гурьев уездік Кеңестік милициясының алғашқы басшысы болып тағайындалып, қылмыстық топтардан қорғау жұмыстарын ұйымдастырып, жергілікті милиция құрылымдарын құруда маңызды рөл атқарды. Оның бастамасымен "Ерік" газеті жарық көріп, қазақ тілінде алғаш конференция құжаттары басылып шықты. Кейінгі жылдары әртүрлі сот-прокуратура, партиялық және шаруашылық салаларында қызмет еткен.

Тарихи тұлғаның еселі еңбегі ел жадында. Атырау облысы полиция департаментінің ардагерлері мен жергілікті жұртшылықтың ұсынысымен 2024 жылы 1 сәуірде Атырау қаласындағы Жұлдыз ықшамауданында Мұхамбет Чукеевтің есімімен көше аталды.

Бүгінде Чукеевтер әулетінің өнегелі жолы жалғасып келеді. Бұл әулет – нағыз "полицейлік династияның" жарқын үлгісі. Мұхамбет Исалыұлының ұлы Тілек Халилұлы Чукеев – милиция подполковнигі, ішкі істер органдарының ардагері. Ол құқық қорғау саласында 19 жылдан астам абыройлы еңбек етіп, халық сенімін ақтаған, бірнеше мәрте алғыс хаттармен марапатталған тәжірибелі маман. Атырау облыстық ІІБ-де қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары лауазымын абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шыққан.

Тілек Халилұлының ізін жалғап, ұлы Асылбек Тілекұлы да құқық қорғау саласын таңдады. Бүгінде ол Атырау облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасында жедел уәкіл қызметінде. Қызметіне адал, сөзіне берік, мінезі салмақты Асылбек капитан – балалық шақтан-ақ әке жолын темірқазық етіп, елге адал қызмет етуді өмірлік мұрат еткен азамат.

— Шынымды айтсам, болашақ мамандығымды бала кезімде-ақ таңдадым. Әкем мен атам – менің өмірлік үлгім. Олардың еңбекқорлығы мен жауапкершілігі маған үлкен рух берді. Полицей болу – тек қызмет емес, үлкен сенім мен жауапкершілік. Біз де халыққа пайдамызды тигізіп, әкеміздей ел алғысына бөленгіміз келеді, – дейді полиция майоры Асылбек Тілекұлы.

Қызмет пен адамгершілікті қатар ұстанған, ұрпағына үлгі бола білген, елге елеулі, халыққа қалаулы Чукеевтер әулеті – ұлттың рухани байлығы, қоғамның тірегі. Мұндай отбасылар көпке үлгі, елге мақтаныш. Өнеге – сөзбен емес, іспен дәлелденгенде ғана салмақты. Ал Чукеевтер әулетінің тарихы – соның жарқын дәлелі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру