Ұрпақтар сабақтастығы – ұлағатты ұстаным
Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №62 мекемесінде ерекше мазмұнға толы іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мекеменің мәжіліс залында "Тәлімгерлер – біздің үлгі тұтар адамдарымыз" тақырыбында жас қызметкерлер мен ардагерлердің кездесуі өтті.
Шараның негізгі мақсаты – ардагерлердің өмірлік және қызметтік тәжірибесін жас буынға үлгі ету, адалдық пен жауапкершілік сынды құндылықтарды насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын нығайту болды.
Кездесу барысында ардагер қызметкерлер еңбек жолындағы қызықты сәттерімен бөлісіп, жас мамандарға кәсіби кеңестерін айтып, адамгершілік қағидаттар туралы ой қозғады. Өз кезегінде мекеме бастығы мен жауапты қызметкерлер жас кадрларды қолдау мен тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын атап өтті.
Жас қызметкерлер ардагерлердің өнегелі өмірі мен еселі еңбегіне зор құрметпен қарап, олардың ақыл-кеңесіне құлақ асып, алғыстарын білдірді.
Осындай тағылымға толы кездесулер ҚАЖ саласында қызмет етіп жүрген жастардың рухын көтеріп, патриоттық сезімін оятады. Бұл – тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, әріптестік пен рухани сабақтастықты бекемдейтін маңызды бастама.
Кездесу соңында ардагерлерге алғыс хаттар табысталып, қатысушылар естелік суретке түсті.