Ұрпақтар үндестігі: Алматы облысында полицейлер ардагерлермен рухани байланыс орнатты
Алматы облысында полицейлер ардагерлермен рухани байланыс орнатты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарасай аудандық полиция басқармасында ішкі істер органдарының ардагерлері мен жас қызметкерлер арасында тағылымды кездесу өтті. Бір шаңырақ астында жиналған аға буын мен жас мамандар қызметтік тәжірибе алмасып, рухани сабақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Бұл шараның мақсаты – тек кәсіби біліммен бөлісу емес, сонымен бірге полиция қызметінің моралдық-этикалық құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіру. Кездесу барысында ардагерлер жедел уәкілден бастап, абыройлы зейнеткерлікке дейінгі жолдарын еске алып, адал қызмет пен азамат алдындағы жауапкершілік туралы ой қозғады.
Жас полицейлер аға буынның ақыл-кеңестерін ықыласпен тыңдап, олардың жолын жалғастыру – үлкен мәртебе екенін атап өтті. Осындай кездесулер жас мамандардың кәсіби қалыптасуына оң әсер етіп, тәртіп сақшысы болудың шынайы мәнін ұғынуға мүмкіндік береді.
Ұрпақтар сабақтастығы – бұл қазақстандық полиция қызметінің сенімді іргетасы. Адалдық пен жауапкершілікке негізделген бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасын таппақ.