Ұрылардың олжасына айналған көлік: велосипед қауіпсіздігі туралы не білеміз?
Жаз мезгілінде велосипедпен жүретіндер қатары күрт артатыны белгілі. Бірі – салауатты өмір салтын ұстанса, енді бірі — қоғамдық көліктің орнына осыны таңдайды. Алайда тұрғындар арасында велосипедке отыру сәнге айналғанымен, ұрлық оқиғалары да соған сай жиілей түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде бұл — еліміздегі кең таралған мүліктік қылмыстардың біріне айналып отыр. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, осы жылдың басынан бері 800-ге жуық велосипед ұрлығы тіркелген. Соның 80 пайыздан астамы ашылып, иелеріне қайтарылған. Бұл — полиция тарапынан қабылданып жатқан шаралардың нәтижесі. Десе де, қылмыстың алдын алу үшін азаматтардың да қырағылығы қажет.
Велосипед ұрлығы, негізінен, ірі қалаларда жиі тіркеледі. Халық көп жүретін орындарда, көпқабатты үйлердің аулаларында немесе сауда орталықтарының маңында қалдырылған екі дөңгелекті көліктер ұрылардың олжасына оп-оңай айналады. Мұндай жерлерде тәртіп сақшылары жедел-профилактикалық рейдтер жүргізіп, бейнебақылау жүйелерімен жұмысты күшейткен. Сонымен қатар пәтер иелері кооперативтерімен, басқарушы компаниялармен бірлесе әрекет етудің маңызы артып келеді.
ІІМ сараптамасына сүйенсек, велосипед ұрлығының басым көпшілігі эпизодтық сипатта болады. Яғни, алдын ала жоспарланған қылмыстан гөрі, кездейсоқ, жағдайды пайдаланып жасалған әрекеттер басым. Күдіктілердің дені – тұрақты табысы жоқ азаматтар немесе кәмелетке толмағандар. Мұндай қылмыстар көбіне бұзақылық ниетпен жасалады. Ұйымдасқан топтар арқылы жүйелі түрде ұрлық жасайтын жағдайлар сирек кездеседі.
Бейнебақылау – басты көмекші
Көп жағдайда қылмысты ашуға қалалық бейнебақылау жүйелері көмектеседі. Қазіргі таңда елді мекендерде орнатылған интеллектуалды камералар нақты бір оқиғаны ғана емес, күдіктінің қозғалысын, тіпті бет-жүзін де тануға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері ашылған істердің басым бөлігі — осындай бейнематериалдардың көмегімен әшкереленген.
Ұрланған велосипедтің қайда кететіні де белгілі. Көп жағдайда олар бөлшектеліп, қолданылған қосалқы бөлшек ретінде сатылымға түседі. Мұндай деректерді азайту үшін полиция қызметкерлері велосипедтер мен бөлшектерді қабылдайтын және сататын орындарға тұрақты тексеру жүргізіп, құжаттарды мұқият сараптайды. Қажет жағдайда қылмыстық іс қозғалып, ұрланған мүліктің бүкіл таралу желісі анықталады.
ІІМ велосипед иелеріне қарапайым ережелерді ұстануға кеңес береді:
- Көлікті қараусыз қалдырмау;
- Арнайы құлыптар қолдану;
- Мүмкіндігінше бейнебақылау орнатылған жерге қою,
- Велосипедтің фотосын, құжаттарын, ерекше белгілерін сақтау.
Бұл қарапайым сақтық шаралары — қылмыс бола қалған жағдайда, велосипедті қайтаруға көп көмек болады.
Заң бойынша, велосипед ұрлығы Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша жазаланады. Жаза мөлшері қылмыстың сипатына қарай айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыруға дейін баруы мүмкін. Қазіргі уақытта жауапкершілікті күшейту мәселесі де қаралып жатыр. Бұл – мүліктік қылмыстардың алдын алуға бағытталған кешенді талдаулар мен тәжірибелерге сүйене отырып қабылданатын шешім болмақ.
Қорыта айтқанда, велосипед ұрлығы – жай ғана мүліктік қылмыс емес. Бұл – азаматтардың жеке қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке төнетін қауіп. Бүгінде құқық қорғау органдары осы бағытта жүйелі және нақты шаралар қабылдап отыр. Полиция қызметкерлері тек ұрлық болған соң әрекет етпей, қылмыстың алдын алуға күш салады: профилактикалық рейдтер жүргізіп, бейнебақылау жүйелерімен жұмысты күшейтіп, сатылым нүктелерін тексереді. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.
Ішкі істер министрлігінің берген мәліметтеріне қарасақ, тіркелген ұрлықтардың басым бөлігі ашылып, иелеріне қайтарылуы — полиция жұмысының нәтижелі екенін көрсетеді. Алайда тәртіп сақшылары үшін басты мақсат — тек қылмысты ашу емес, оны болдырмау. Сондықтан бұл істе әр азаматтың сақтығы, мүлкіне деген ұқыптылығы аса маңызды. Қауіпсіздік – тек полицияның емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі.