Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кинодағы рөлден ауылдың тыныс-тіршілігіндегі басты рөлге дейін. Учаскелік полицейдің бір күні

Қостанай облысы Қарабалық ауданының Белоглин ауылдық округінде қызмет атқаратын 25 жастағы учаскелік инспектор Мейрам Абдрахманов бүгінде үш ауылдың тыныштығына жауапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Белоглин, Научное және Святослав ауылдары – оның аймағы. Жас маман күн сайын тұрғындармен кездесіп, сенімге ие болуға тырысып жүр. Полицей болу – ол үшін жай қызмет емес, жауапкершілігі мол миссия.

Мейрам – әскери офицер отбасында тәрбиеленген. Бұрын хоккей ойнаған, Оңтүстікте әскери борышын өтеп жүргенде "Қазбат" фильміне де түскен. Алайда басты таңдауы – полиция қызметі. Қазір жас әке ретінде ол болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі үшін бүгіннен қамдану керек екенін түсінеді.

Елімізде өтіп жатқан "Учаске" акциясы аясында инспекторлар халықпен етене араласып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мейрам да күн сайын Научное ауылындағы 500-ден астам тұрғынға барып, қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді.

Әсіресе, алаяқтардың арбауына түспеудің жолдарын ескертеді:

– Қазір банктен қоңырау шалып, адамдарды алдап кететіндер көп. Телефон арқылы ештеңе айтпаңыздар. Осындай жағдай болса, бірден маған қоңырау шалыңыздар, – дейді ол ауыл дүкеніндегі сатушыға.

Инспектордың басты құралы – профилактика. Ол аңшылардың қару сақтауын тексереді, бақылаудағы адамдармен сөйлесіп, қайталамаудың жолын түсіндіреді. Дүкен иелеріне алкоголь сату тәртібін еске салады.

- Ең бастысы – жазалау емес, алдын алу. Адамдар сенің жау емес, жанашыр екеніңді сезінуі керек, – дейді жас лейтенант.

Нәтижесі де бар: жыл басынан бері округте бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – кездейсоқтық емес, күнделікті көрінбейтін еңбектің жемісі.

Әскер, спорт, кино түсірілімі – бәрі артта қалды. Мейрамның ең басты рөлі қазір ауыл ортасында, дубльсіз және сценарийсіз атқарылып жатыр.

- Тәртіп қарапайым нәрседен басталады. Басқаны сыйлау, салдарын ойлау, ережені сақтау. Әркім өзінен бастаса – ауыл да, ел де тыныш болады, – дейді учаскелік полицей.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру