Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үш буынға жалғасқан полицейлер әулеті

Бір әулет – бір мақсат, ортақ мүдде. Ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау жолында бірнеше буын өкілі бір салада тер төгіп, құқық қорғау қызметін өмірлік ұстанымына айналдырған Иманғалиевтер әулеті – бүгінгі жас ұрпаққа үлгі боларлық жанұя. Ата жолын ардақтап, әке аманатын арқалаған бұл әулет бүгінде ішкі істер органдарында табанды қызмет атқарып келеді. Полицейлер династиясы туралы әңгімені Polisia.kz сайтынан оқыңыздар. 

Иманғалиевтер династиясының іргесін қалаған – тыл және ішкі істер органдарының құрметті ардагері, милиция подполковнигі Сәлім Иманғалиев. Ол 1916 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауылында дүниеге келген. Қиын-қыстау заманда ел тыныштығын сақтауға бел шеше кіріскен Сәлім Иманғалиев өз еңбек жолын 1944 жылы Мақат аудандық милиция бөлімінің жедел уәкілі болып бастап, кейін Мақат, Есбол, Жылыой аудандары мен облыстық күзет бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарды.

1974 жылы полиция подполковнигі шенімен зейнетке шыққан ардагер қызмет барысында "Германияны жеңгені үшін", "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Мінсіз қызметі үшін" сынды бірқатар медальдармен марапатталған. Бүгінде Сәлім Иманғалиевтің есімі жас ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен Атырау қаласындағы Махамбет көшесі, 114-үйде орналасқан тұрғын үй қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

Сәлім ақсақалдың жолын жалғаған ұрпақтары да құқық қорғау саласында қажырлы еңбек етіп келеді. Ұлы – полиция полковнигі, ішкі істер органдарының ардагері Кеңес Сәлімұлы Нұриденов. Кеңес Сәлімұлы 1981 жылы қалалық ішкі істер бөлімі бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымынан бастап, ІІД бастығының орынбасары қызметіне дейінгі жолдан өтті. 30 жылға жуық уақытын Отан алдындағы адал қызметке арнаған ол полковник шенімен құрметті демалысқа шықты.

Құқық қорғау жолындағы бұл қасиетті эстафетаны бүгінде Кеңес Сәлімұлының немересі – полиция капитаны Адлан Бағдатұлы Нұриденов абыроймен жалғастырып келеді. Ол 2018 жылдан бері Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында жедел уәкіл қызметін атқарып жүр. Бұған дейін де криминалдық полиция және экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармаларында еңбек еткен.

Кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында Адлан Нұриденов қызмет барысында бірқатар қылмыстың жолын кесіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, Атырау қаласына синтетикалық есірткі әкелген Тараз қаласының 21 және 25 жастағы тұрғындарын қолға түсіріп, 1 келіге жуық есірткі затын тәркіледі. Сондай-ақ қала аумағында сатуға дайындалған 300-ден астам орама есірткіні жасырын жерден тауып, қылмыстық айналымнан шығарды.

– Атамның әділ де сабырлы бейнесі, өмірлік ұстанымы мен үшін әрдайым үлгі. Мен бұл салаға жай ғана қызығушылықпен емес, жүрек қалауымен келдім. Адал еңбекке деген сүйіспеншілік, меніңше, қанмен берілген қасиет. Енді біз де қоғам алдындағы міндетімізді абыроймен атқаруға тырысамыз, – дейді полиция капитаны Адлан Нұриденов.

Үш буынға жалғасқан бұл династия – бүгінгі жас полицейлер үшін үлкен тағылым мектебі. Адал қызмет пен отансүйгіштік қасиет әулет бойына сіңген, ел қауіпсіздігі жолында тынбай еңбек еткен бұл жанұя – нағыз ерлік пен еңбек ұғымының тірі үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру