Үш күнде полицейлер 55 қылмысты ашты
Түркістан облысының полицейлері "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 50-ден астам қылмысты ашты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері ағымдағы жылдың 22-24 желтоқсан күндері аралығында өткен "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды. Шараның негізгі мақсаты қоғамдық тәртіпті сақтау мен криминогендік жағдайды жақсарту, қылмыстарды ашу, әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Жедел-профилактикалық іс-шараны өткізуге жергілікті полиция қызметінің, криминалдық және әкімшілік полицияның, көші-қон және өзге де бөлімшелердің 700-ден астам қызметкері жұмылдырылды.
"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша үш күнде полицейлер 55 қылмысты ашты, оның ішінде тоғызы бұрын жасалған. Мысалы, 23 желтоқсанда Отырар АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, бір апта бұрын жайылымнан екі сиыры ұрланғанын жеткізген. "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы нәтижесінде полиция қызметкерлері осы мал ұрлығына күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады. Бүгінгі күні тергеу күдіктінің мал ұрлығының төрт жайтына қатыстылығын анықтады. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен екі миллион теңгені құрады. Аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Сондай-ақ, криминалдық полиция қызметкерлері қызмет атқару кезінде іздестіріліп жатқан екі қылмыскер мен заңсыз қару, есірткі сақтаған екі күдіктіні ұстады. Тәртіп сақшылары профилактикалық есепте тұрған 2769 азаматтарды, оның ішінде пробация қызметінде тұрған 936 адамды тексерді. Іс-шара барысында полицейлер 2601 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 85-і отбасылық-тұрмыстық салада. "Ұсақ бұзақылық" үшін 324, "Тыныштықты бұзғаны" үшін 30, "Қоғамдық орындарда алкоголь ішкені" үшін 158 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз үйден тыс жерде болған 123 кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Одан бөлек полиция қызметкерлері көші-қон желісі бойынша тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз заңсыз тұрудың 361 дерегін анықтады.
Тәртіп сақшылары "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қауіпсіздік белдігін тақпаудың 618 жайтын, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығудың 14 оқиғасын, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 73 дерегін тіркеді. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны және белгіленбеген жерлерде көлік жүретін бөлікті кесіп өткені үшін 755 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. Рейд барысында патрульдік полиция қызметкерлері жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған екі жүргізушіні және мас күйінде көлік тізгіндеген бір азаматты ұстады.
Түркістан облысы ПД полицейлері атап өткендей, мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар жедел жағдайдың жақсаруына және құқық бұзушылықтардың төмендеуіне оң әсер етеді. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті бұзбауға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға, сондай-ақ карантин режимінің талаптарын сақтауға: бетперде киюге, антисептиктерді пайдалануға және әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырады.