Үш тоңазытқышты қолды қылған: елордада ұрлық жасаған күдікті ұсталды
Елордада өтіп жатқан "Қылмысты тоқтату" жедел алдын алу іс-шарасы аясында Сарайшық ауданының жедел уәкілдері саяжай аумағында болған ұрлықтың бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үй иесі белгісіз адамның үйіне заңсыз кіріп, мүлкін ұрлап кеткені туралы полицияға хабарлаған. Тергеу барысында 41 жастағы ер адамның есікті бұзып, үйге кіргені, кейін тапқан тоңазытқыштарды сыртқа шығарып, алдын ала жалдаған ГАЗель автокөлігімен алып кеткені анықталды.
Күдікті үш бірдей тоңазытқышты ұрлап, иесіне 400 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктіні анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
