Ұшақ экипажының талаптарына бағынбаған мас азамат айыппұл арқалады
Астанада мас ер адам балағат сөздер айтып, ұшақ экипажының талаптарына бағынбағаны үшін айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне SCAT әуекомпаниясының өкілінен «Пхукет – Шымкент – Астана» бағытындағы әуе рейсінің деструктивті жолаушысына қатысты шара қабылдау туралы хабарлама келіп түсті. Тексеру барысында көлік полицейлері 47 жастағы астаналық тұрғынды анықтады. Ол масаң күйінде болып, экипаж қызметкерлерін балағаттаған және ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі, 434-бабы 1-бөлігі және 566-бабы 1-бөлігі бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылып, 8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Ұсақ бұзақылық бойынша материал шешім қабылдау үшін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды. Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әуерейстерден 284 тұлғаны түсірді, олардың ішінде алкогольді ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін – 131, ұсақ бұзақылық үшін – 21, әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін 27 азамат әуерейстерден түсірілді.