Ұстаздықтан полиция басшылығына дейінгі жол
Жетісу облысы полиция департаментінің басшылығы пқпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы Жанар Тұрғанбекованы салтанатты түрде зейнетке шығарып салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның кәсіби жолы – еңбекқорлықтың, іске адалдықтың және даму жолындағы ұмтылыстың үлкен жетістіктерге жеткізетін айқын үлгісі.
Жанар Тұрғанбекова 1970 жылдың 17 қыркүйегінде Қарағанды облысында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтағаннан кейін Талдықорған педагогикалық институтында математика мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Кейін кәсіби көкжиегін кеңейту қажеттілігін түсініп, сырттай заң институтын бітіріп, заңгер біліктілігін иеленді.
1992–1996 жылдары математика және мемлекет пен құқық негіздері пәнінен сабақ берді. Ал 1996 жылдың 1 наурызынан бастап оның өмірі түбегейлі өзгерді – Жанар Асылкенқызы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында қызметін бастады.
Қызметтік жылдары ішінде ол инспектордан басқарма бастығына дейінгі жолдан өтті:
• 1996–2008 жж. – есеп және статистика саласында қарапайым инспектордан бөлім бастығына дейін көтерілді;
• 2008–2014 жж. – штабтағы жетекшілік қызметтерде болды;
• 2014 жылдан бастап – басқарма бастығының орынбасары, кейін ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы лауазымында қызмет етті.
Қызметтік еңбегі үшін ол 81 марапатқа ие болды. Оның ішінде "Мінсіз қызметі үшін" I, II, III дәрежелі медальдары, "Ішкі істер органдарының ардагері", "Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін", "Қазақстан полициясына 25 жыл" мерекелік медалі, "Үздік қызметі үшін" төсбелгісі бар. Сондай-ақ, ҚР ІІМ мен полиция департаментінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталған.
Ең маңыздысы – ұзақ жылдар бойы ол бірде-бір тәртіптік жазаға тартылмай, адалдығын, борышына берілгендігін және биік адамгершілік қағидаттарын сақтап қалды. Бүгінде әріптестері Жанар туралы кәсіби шебер, көшбасшы әрі тәлімгер ретінде таниды. Оның өмір жолы – тек жеке жетістік тарихы ғана емес, сонымен бірге полиция қатарында абырой, тәртіп пен жауапкершілік – жай сөз емес, өмірлік құндылық екенін дәлелдейтін айқын мысал.