Ұстазын ұлықтаған шәкірт: ШҚО ПД бастығы ұстазына құрмет көрсетті
ШҚО ПД бастығы ұстазын мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұстаздар күнінде Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков балалық және жастық шағымен тығыз байланысты Гагарин ауылына барды. Осында ол балабақшаға барып, мектеп қабырғасында білім алып, үлкен өмірге деген алғашқы қадамдарын жасаған.
Сапар барысында ПД бастығы өмірінің қалыптасуына үлес қосқан ұстаздарын ерекше ілтипатпен еске алды. Солардың ішінде жүрегінде ерекше орын алатын жан — Гагарин орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, биология және зоология пәндерінің мұғалімі Курочкина Валентина Степановна.
— Біздің ұстаздарымыз шын мәнінде қатал, бірақ әділ еді. Дәл сол кісілер бізге жауапкершілікті, сөзге берік болуды және еңбекқорлықты үйретті. Олардың өнегелі сөздері мені өмір бойы алға жетелеп келеді, — деді ШҚО ПД бастығы.
Валентина Степановна мектепте 33 жыл еңбек етіп, екі бала тәрбиелеген және ондаған ұрпаққа білім берген. Биыл ол 86 жасқа толды. Алайда жасына қарамастан, әлі де сергек әрі өмірге құштар. Педагог өзінің сүйікті шәкіртін — Ерлан Омарбековты ерекше жылы ықыласпен қарсы алды.
— Ол әрдайым ашық, белсенді, балаларға қамқор бола білетін. Мен оны әрдайым мақтан тұтамын, — деді Валентина Курочкина.