Ұялы телефон ұрлаған түркістандық ұсталды
Түркістан облысының полицейлері ұялы телефон ұрлаған күдіктіні «ізін суытпай» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-на жергілікті тұрғын арызданып келген. Ол әйелдің айтуынша, күндізгі сағат 16:00 шамасында өзінің кәмелет жасына толмаған қызы қала орталығындағы аялдамалардың бірінде болған. Сол сәтте белгісіз азамат оның жалпы құны 376 мың теңге болатын «Iphone 11» маркалы ұялы телефонын жасырын түрде ұрлап кеткенін көрсеткен. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі бастап кетеді. Бұл ұрлық қылмысы бойынша тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді, барлық қажетті шараларды атқарды. Соның нәтижесінде ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басын анықтап, оны небары төрт сағат ішінде ұстады. Ол бұдан алдын да ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жәбірленушінің ұялы телефонын өтірік мұзға құлап қалғандай болып, қалтасынан білдіртпей алып кеткен. Содан соң тез арада оңай олжасын қалтасына салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Сондай-ақ оны сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмасамақ болғанын мойындады. Осылайша күдіктінің үйінен айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Қалта ұрыларының көзіне түспес үшін бағалы заттарыңызды көрсетпей, аузы жабық сөмке ішіне салып қойыңыздар деп кеңес береді. Сондықтан полицейлер жеке мүлікке мұқият болып, сақтық шараларын қолдану қажеттілігін ескертеді. Мүліктің кез-келген түріне қырағылықпен және жауапкершілікпен қарағанда ғана, мұндай жағдайларды азайтуға болады.