Ұялы телефонды қолды қылған ер адам жауапқа тартылуда
Түркістан облысының полицейлері ұялы телефон ұрлаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция бөліміне жергілікті азамат арызданып келген. Ол өзінің арызында оқуға жаңа түскен інісінің телефонын белгісіз біреудің тартып алғандығын айтады. Арызданушының айтуынша, інісі ауылдан қалаға оқуға орналасу үшін келген. Алайда жігіттің телефонын белгісіз біреулер күштеп тартып алған. Яғни жәбірленушіге 80 мың теңге шығын келтірілген.
Полицейлер жедел іздестіру барысында құқық бұзушының жеке басы мен тұрғылықты мекен-жайын анықтады. Алайда күдікті үйінде болмай шықты. Осыдан соң полиция қызметкерлері туыстары мен достарының үйінен іздестіруге кіріскен. Көп ұзамай құқық бұзушыны ұстап, қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бас шарасы «келу туралы міндеттемеде».
Сонымен қоса осындай оқиға Сайрам ауданында да орын алған. Сайрам АПБ-ға жәбірленуші азаматша арызданды. Арызда жәбірленуші өзінің дүкенге сауда жасауға келгенінде, қолындағы «Samsung Galaxy» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреулердің ұрлап кеткендігін жеткізеді. Полицейлер бірден іздестіру шараларына кіріседі. Күдіктіні бейнебақылау камерасы арқылы анықтап, ізін суытпай ұстады. Белгілі болғандай арызданушы әйел дүкенге келгенде телефонын кассирдің жанындағы стөл үстіне қойған, кейіннен алу үшін телефонын қайта іздегенде орнынан таба алмаған. Осылайша полицейлерге арызданған.
Түлкібас ауданында да осыған ұқсас жайт орын алды. Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын болып табылатын азамат арызданып келген. Арызда күндізгі сағат 11:00-дер шамасында дүкенге келіп, автокөлігін есік алдына қараусыз қалдырған.Күдікті осы орайды пайдаланып ашық тұрған терезесінен көлік ішіне енген. Содан соң «Huawey P-smart» маркалы ұялы телефонын жасырын түрде ұрлап кеткен. Оқиға орын алысымен полиция қызметкерлері жедел іздестіруге кірісіп, күдіктіні тұрғылықты мекен-жайынан ұстады. Қазіргі таңда осы жайттар бойынша полицейлер тарапынан ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бүгінде ұрланған заттардың барлығы айғақты зат ретінде тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды. Түркістан облысы полицейлері түрлі ұрлықтардың алдын алу мақсатында сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Ұрлық жайты орын алған кезде, тез арада полицияның «102» телефоны арқылы хабар беріңіздер!