Үздік тергеуші Виталий Югай: Адам құқығын қорғау – менің басты міндетім!
Қылмыстық істерді тергеу ісінде ең басты тұлға – тергеуші. Бұл қызметке адалдық пен кәсібилік аса қажет. Виталий Югай үшін ең маңыздысы – әділдік пен азаматтардың құқығын қорғау. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының түлегі Виталий Югай 2018 жылдан бері тергеу саласында қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда Атырау облысы полиция департаментінің тергеу басқармасында аға тергеуші лауазымын атқарып жүр.
– Қызмет барысында талай күрделі қылмыстық істерді тергедім. Әр істің артында адам тағдыры тұрғанын терең сезінемін, сондықтан тергеу жұмысын барынша мұқият және жауапкершілікпен жүргіземін. Біздің міндетіміз – заңдылық пен әділдікті қамтамасыз ету. Тергеуші тек заңнаманы жетік білуімен ғана емес, сонымен қатар тәжірибесі мен интуициясын да қолдана отырып, шындықты анықтауға тиіс, – дейді Виталий Югай.
Атырау қаласында дүниеге келген Виталий Югай өз ұлтының тамырын сақтай отырып, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүріне зор құрметпен қарайды.
– Қазақ тілі – мен үшін туған жерімнің тілі, оны білу – осы елге деген құрметімнің белгісі. Мемлекеттік тілді меңгеру – әр азаматтың парызы деп санаймын, – дейді ол.
Полиция қызметкері үшін тек заңнаманы білу жеткіліксіз, ол физикалық және психологиялық тұрғыдан да мықты болуы тиіс. Сондықтан спорт – Виталий Югайдың өмірінің ажырамас бөлігі.
– Жүзу мен фитнес – менің сүйікті спорт түрлерім. Олар маған тәртіп пен төзімділікті үйретті, бұл қасиеттер менің кәсіби қызметімде де өте қажет. Спорт денсаулықты нығайтып қана қоймай, жұмыс барысында сергек жүруге көмектеседі, – дейді полиция капитаны Виталий Югай.
Әділдік пен заңдылықты ту еткен тергеуші өз ісіне берілген, адал қызметімен ел сеніміне ие болған азамат. Оның кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі – құқық қорғау саласындағы нағыз үлгі боларлық қасиеттер.