«Вахта жұмысына тұрғызып беремін»: Ақтөбе облысында алаяқ әйел 10 адамды алдап кетті
Ақтөбе облысында алаяқ әйел 10 адамды алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 тамызда Ақтөбе қалалық полиция бөліміне 24 жастағы ер адам арызданған. Бейтаныс әйел еліміздің батысындағы вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнай компаниясының біріне жұмысқа тұрғызып беретініне сендірген. Күдікті ол үшін алдын ала төлем талап етіп, интернет қосымшасы арқылы 50 мың теңгені иемденген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Күдіктінің тағы 10-ға жуық адамды алдағаны белгілі болды. Залал сомасы белгіленуде.
Аталған фактілер ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Осы баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.