Велосипед ұрлаған қазығұрттық азамат ұсталды
Түркістан облысының полицейлері велосипед ұрлаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Онда кешкі сағат 17:00 шамасында үйіне белгісіз азамат кіріп, жаздық үйінің ішінде тұрған спорттық велосипедін ұрлап кеткенін көрсеткен.
Жәбірленуші әйелге келтірілген жалпы шығын көлемі – 50 мың теңге. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Тәртіп сақшылары орын алған ұрлықты ашу мақсатында оқиға орнына толық құрамда шығып, айналаны бір шолып шықты. Көрген-білген куәгерлерден жауап алып, жәбірленушіден күдіктенетін танысының барын сұрайды. Осы тұста арызданушы әйел өзінің көршісінен күдіктенетінін айтқан.
Нәтижесінде полиция қызметкерлері оның көршісінен жауап алу барысында, ұрлықты жасаған күдікті екенін анықтаған. Сондай-ақ айналаны қарап, күдіктінің үйінің жанында қараусыз тұрған ескі үйдің ішінен жоғалған велосипедті табады. Осылайша тәртіп сақшылары жәбірленуші әйелге жоғалған затын тауып беріп, алғысын алды. Ал, күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Бас шарасы қолхатта.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті көршісінің үйінде жоқтығын пайдаланып, арам ойын іске асыруға бекінген. Осылайша оңай жолмен пайда табу мақсатында үй ауласына кіріп, айналада ешкімнің жоқтығын пайдаланып, жаздық үй ішіндегі велосипедті алып кеткен.
Өз кезегінде полицейлер тұрғындарға өз мүліктеріне ие болуды ескертеді. Беймезгіл уақытта үйлеріңізді қараусыз қалдыратын болсаңыздар, жарық шамдарын жағып кетуге кеңес береді. Осындай ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, полицейлердің “102” нөміріне хабарласыңыздар.