Визит карточкасын ұсынуға келген: Шымкентте учаскелік полицейлер қарасора өсіру жайтының жолын кесті
Шымкентте учаскелік полицейлер қарасора өсіру жайтының жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұран АПБ-ның қызметкерлері “Сіздің учаскелік полицей” акциясы аясында үй-үйді аралау барысында өз үйінде құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірген ер адамды анықтады. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынға жедел байланыс үшін визиткаларын беруге және оны толғандыратын мәселелер бойынша ақпарат алуға келген. Алайда үй иесінің оғаш қылығы полицейлердің күдігін тудырды.
Тексеру нәтижесінде қала тұрғынының қосалқы үйінен қапқа отырғызылған 21 түп қарасора, ал сарайдан тыйым салынған өсімдіктің 9 кепкен бұтасы табылды.
Ұсталған азамат ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, сақтау) және Қылмыстық кодекстің 300-бабы (Құрамында есірткі заттары бар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша күдікті деп танылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осыған байланысты полиция департаменті есірткі заттарымен байланысты кез келген заңсыз іс-әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Айта кетейік “Сіздің учаскелік полицей” акциясы халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға, құқықтық тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды анықтауға және оның жолын кесуге бағытталған.