Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

VxFaces жүйесі: Пробация бақылауында жаңа мүмкіндіктер кезеңі

Қазақстанда цифрлық технологияларды қоғамдық қауіпсіздік саласына енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұлғаны тану және бейнебақылау жүйелерін жетілдіру арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті нығайту шаралары күшейтілуде. Осы бағытта іске қосылған заманауи шешімдердің бірі — VxFaces жүйесі.

VxFaces — жасанды интеллект пен нейрожелі алгоритмдері негізінде жұмыс істейтін интеллектуалды бейнебақылау жүйесі. Ол тұлғаның бет-әлпетін жоғары дәлдікпен  98-99 пайыз көрсеткішпен тануға қабілетті. Жүйе нақты уақытта деректерді өңдеп, сақтайды және бетперде, көзілдірік, сақал сияқты кедергілерге қарамастан тұлғаны анықтай алады.

9 қазанында Жамбыл облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығы арқылы VxFaces жүйесі нақты құқық бұзушылық фактісін тіркеді. Сағат 00:35 шамасында жүйе Тараз қалалық №3 пробация қызметіне пробациялық бақылауда тұрған азаматтың Рысқұлов көшесінде түнгі уақытта жүргені туралы хабарлама жолдады.

Аталған азаматқа сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, ол күн сайын сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін үйінде болуға міндеттелген еді. Белгіленген тәртіпті бұзғаны үшін азамат пробация қызметіне шақырылып, оған ресми ескерту берілді.

Бет-әлпетті тану жүйесінің енгізілуі пробация қызметі жұмысының тиімділігін арттырып, қоғамды қорғау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Бұл технология құқық бұзушылардың тәртіп сақтауға деген жауапкершілігін күшейтіп, пробация инспекторларына өз жұмысын жедел әрі нақты жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жүйе ең көп тәртіп бұзатын немесе қауіпті тұлғаларды дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын қолдануға жағдай жасайды.

VxFaces жүйесі – цифрлық бақылаудың жаңа деңгейі. Ол Қазақстанның "Ақылды қала" тұжырымдамасын жүзеге асырудағы табысты жобалардың бірі ретінде қоғамдық қауіпсіздіктің сенімді қалқанына айналып отыр.

Заманауи цифрлық "көз" құқық қорғау органдарына оқиғаларға жедел әрекет етуге және азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, елдегі тәртіп пен тұрақтылықты сақтауға нақты үлес қосуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру