Зағамбар, Алғабас және Тағайна – ішімдіксіз өмір салтын таңдаған ауылдар
Ішкі істер министрлігінің бастамасын қолдап, салауатты өмір салтын ұстануға ниетті ауылдардың қатары Түркістан облысында артып келеді. Қоғамдық келісім мен жауапкершілікке негізделген бұл үрдіс қазіргі таңда өңірдегі 66 ауылды қамтып отыр. Жақында осы тізімге Төле би ауданына қарасты Зағамбар, Алғабас және Тағайна ауылдары қосылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
- Зағамбар ауылында өзбектер де, қазақтар да, жалпы алты мыңнан астам халық тату-тәтті өмір сүреді. "Ішімдіксіз" ауыл атанып отырмыз. Өте қуаныштымыз, - деді Зағамбар ауылының тұрғыны Егізбай Сүттібаев.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, ішімдіктен бас тарту тек жеке бастың ғана емес, тұтас қоғамның денсаулығы мен мәдениетіне әсер етеді. Қазірдің өзінде мұндай ауылдарда қылмыс деңгейі нөлге тең. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп те едәуір жақсарып, жастардың спортқа, білімге деген ынтасы арта түскен.
- Бүгінгі іс-шара келешекке кемелденген ауыл деген атпен жасалып жатыр. Алғабас ауылы, Зағамбар ауылы, Тағайна ауылы керемет жобаны қолға алып отыр. Әрине, бұл бірінші кезекте ұрпақ үшін, ел үшін жасалып жатқан ізгі іс. Балапандардың болашағы жарқын болсын деген ниетпен адал аспен өмір сүріп, салауатты өмір салтын ұстануға жол бастап, көш бастаған екен ауыл тұрғындары, - деді әнші Алтынай Жорабаева.
Мұндай жетістікке полиция жұмысының жүйелі ұйымдастырылуы себеп болды. Заң мен тәртіп орнатуға ұмтылған елде осындай оң өзгерістер жүзеге асады.