Заманауи батырлар Заң мен Тәртіп күзетінде
23 маусым — Қазақстан полициясы күні. Бұл күнтізбедегі жай күн емес, бұл Отан алдындағы адал қызметті өмірінің мәніне айналдырған адамдардың ерлігі мен жанқиярлығына көрсетілген құрмет күні.
Полиция жай ғана мамандық емес, ол мықты рух, төзімділік пен өзгенің тыныштығы үшін өз өмірін құрбан етуге дайын табандылықты талап ететін жауапкершілігі зор қызмет. Тәуелсіздік жылдары ішкі істер органдарының 800-ден астам қызметкері қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапты. Шамамен 5 мың қызметкер жарақат алды.
Кешегі ұлы дала заңдарын күзеткен батырлар сияқты бүгінгі полицейлер әр азаматтың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қолдағы қару мен сауыт-сайман өзгергенімен міндет сол қалпы - бейбітшілік пен әділеттілікті қорғау.
Полиция — қазақ батырларының ерлік дәстүрін жалғастырушы, қауіп-қатерге ең алғаш болып ден қоятын қалқан.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.