Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Заманауи технологиялар жол апатын азайтуға септігін тигізеді

Республикалық маңызы бар Омбы – Майқапшағай автожолының Павлодар – Семей – Қалбатау бағыты бойынша қозғалыс жылдамдығын бақылауға арналған жүйе жұмыс істеп тұр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаменті жүргізушілерге осы учаскеде сегіз арка орнатылғанын ескертеді. Олар заманауи "ZEREK-2" аппараттық-бағдарламалық кешенімен жабдықталған. Бұл құрылғылар көлік құралдарының бір нүктеден екіншісіне дейінгі орташа жылдамдығын есептеп, тіркейді. Сондықтан жүргізушінің камера алдында жылдамдықты уақытша төмендетуі көмектеспейді — жүйе жалпы жүріп өткен аралықтағы жылдамдықты негізге алады.

Бүгінгі таңда орташа жылдамдықты асыру бойынша 1000-нан астам құқық бұзушылық тіркелген. Мұндай заң бұзушылықтар Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 592-бабына сәйкес қаралады.

"ZEREK-2" жүйесінің енгізілуі жазалау құралы емес. Бұл технологияның басты мақсаты — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттылықты азайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жүргізушілердің жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Мұндай жүйелер жұмыс істеп тұрған Қазақстанның басқа өңірлерінің тәжірибесі көрсеткендей, орташа жылдамдықты бақылау жол-көлік оқиғаларының нақты төмендеуіне әсер етеді.

Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелері мен жылдамдық шектеулерін сақтауға шақырады. Жол қауіпсіздігі — баршаның ортақ жауапкершілігі, әрбір жүргізуші мұқияттылық, тәртіп пен басқа жол қозғалысына қатысушыларға деген құрмет арқылы ортақ іске өз үлесін қоса алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру