Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Заң мен Тәртіп: Астанада үш жаңа учаскелік полиция пункті ашылды

Астанада үш жаңа учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада "жұртқа жақын полиция" қағидатын іске асыру аясында және қалалық әкімдіктің қолдауымен №7, №51 және №90 үш жаңа учаскелік полиция пункті жұмысын бастады.

№51 УПП Нұра ауданында, Шафика Чокин көшесі, 6-үйде орналасқан. Полиция пункті шамамен 70 мың адамға қызмет көрсетеді. Пункттің ауданы — 78,2 шаршы метр.

№90 УПП Сарыарқа ауданында, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 12-үйде, "Мирный дом" тұрғын үй кешенінде ашылды. Бұл пункт 31 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді, жалпы ауданы — 118 шаршы метр.

№7 УПП Алматы ауданында, Мұқан Төлебаев көшесі, 5-үйде "Арыстан" тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан. Аталған пункт 41 мыңнан астам адам тұратын аумаққа қызмет көрсетеді. Жалпы ауданы — 197 шаршы метр. Мұнда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына, отбасылық-тұрмыстық қатынастар мәселелері жөніндегі инспекторларға арналған бөлек кабинеттермен қатар, конференц-зал да қарастырылған.

Енді осы аудандардың тұрғындары учаскелік полиция инспекторларына өз шағынауданынан шықпай-ақ тікелей жүгіне алатын болады. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жедел әрекет етуге және полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтуға маңызды ықпал етеді.
Әр пункт заманауи техникамен жабдықталған: бейнебақылау жүйелері, компьютерлер, учаскелік инспекторлардың жұмысы мен азаматтарды қабылдауға арналған ыңғайлы кабинеттер бар. Полиция мен тұрғындар арасындағы тиімді әрі ашық өзара қарым-қатынас үшін барлық жағдай жасалған.

Салтанатты ашылу рәсіміне Астана қалалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева, мәслихат депутаты Бауыржан Смаилов және аудан әкімдері қатысты.

- Жаңа учаскелік полиция пункттерінің ашылуы – полицияның сервистік моделін енгізу жолындағы нақты қадамдардың бірі. Бұл арқылы біз әрбір тұрғынға жақын болып, елордада қауіпсіз орта қалыптастыруды, сондай-ақ халықтың полицияға жүгінуін жеңіл әрі қолайлы етуді көздейміз. "Заң мен Тәртіп" қағидатын басшылыққа ала отырып, біз тек жедел әрекет ету шараларын күшейтіп қана қоймай, ең бастысы – қоғам мен полиция арасындағы өзара сенім мен әріптестікті нығайтуға баса мән беріп отырмыз, – деді полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру