Заң мен Тәртіп басты назарда: қоғам белсенділері полицияның алдын алу шараларына баға беріп, басым міндеттерді айқындады
Ішкі істер министрлігінде Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында 2025-2030 жылдарға арналған "Заң және Тәртіп" мемлекеттік тұжырымдамасын іске асырудың негізгі аспектілері талқыланды. Іс-шараға азаматтық қоғам өкілдері мен ведомство қызметкерлері қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұжырымдама құқықтық мәдениет қалыптастыруға және құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтуға бағытталған. Отырыста құқықтық қоғам құрудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері қаралды.
Айта кету керек, Ішкі істер министрі Ержан Саденов 2025 жылды "Профилактика жылы: полиция Заң мен Тәртіп күзетінде" деп жариялады. Осы бағытта құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция қызметін цифрландыру, қауіпсіз орта құру және азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Алайда қойылған міндеттерді толыққанды іске асыру үшін отырыс барысында ІІМ қоғамдық кеңесінің мүшелері атап өткен негізгі бағыттарды нығайту қажет.
Атап айтқанда, ІІО материалдық-техникалық базасын күшейту. Заманауи технологиялар полицияға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Ведомстволық білім стратегиялық ресурс ретінде қарастырылуы тиіс. Оған жастарды тартып, білім беру бағдарламаларын заман талабына сай бейімдеу, сондай-ақ сапалы практикалық дайындық үшін жағдай жасау - құзыретті және ынталы қызметкерлердің жаңа буынын қалыптастырудағы маңызды қадамдар.
Полиция мен қоғам арасындағы байланысты дамытуға ерекше назар аудару. Медиа және цифрлық арна алаңдарын кеңейту, ашық диалог құру азаматтардың сенімін арттыруға ықпал етеді, полиция қызметі туралы хабардарлықты арттырады және жұртшылықты қауіпсіз қоғам қалыптастыру процесіне тартады.