Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Заң мен тәртіп: ІІМ жаңа оқу жылы қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтті

Ішкі істер министрі Ержан Саденов ІІО қызметтері мен бөлімшелері басшылығымен кеңес өткізіп, өткен кезеңнің қорытындысын шығарды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Атқарылған кешенді профилактикалық шаралардың нәтижесінде қылмыс деңгейінің төмендеуі мен қылмыстарды ашу көрсеткішінің жақсарғаны атап өтілді.

Кеңес барысында министр бірқатар аумақтық департаменттің басшыларын тыңдап, жұмысты ұйымдастыруда бар кемшіліктерге назар аударды. "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту, қылмыстық істерді толық әрі сапалы тергеу және жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу бойынша нақты міндеттер қойылды.

Министр жеке құрам арасында тәртіп пен қызметтік тәртіпті сақтау маңызды екенін ерекше атап өтті.

- Барлық деңгейдегі қызмет пен бөлім басшылары осы бағыт үшін жеке жауапты, – деді Ержан Саденов.

Жаңа оқу жылының басталуына орай ведомство басшысы 31 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында "Назар аударыңыз – балалар!" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуді тапсырды. Оның аясында білім беру ұйымдарының маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, таңертеңгі және кешкі уақытта патрульдеуді күшейту, нысандарға учаскелік инспекторлар мен ювеналды полиция қызметкерлерін бекіту, сондай-ақ оқушыларға қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері бойынша сабақтар ұйымдастыру міндеттелді.

Сонымен қатар мектептердің қауіпсіздік инфрақұрылымын және мектеп автобустарының техникалық жағдайын тексеруді аяқтау тапсырылды.

ІІМ көлік жүргізушілерін білім ордаларына жақын аймақтарда ерекше мұқият болуға және жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ ата-аналарға балаларымен көше мен көліктегі тәртіп ережелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі ескертіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру