Заң мен тәртіп – өркениетке нақты қадам
Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы заң институтында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауы мен қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі жариялаған “Заң мен тәртіп” айына орай "Заң мен Тәртіп» дәріс залының ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға Ақтөбе облысының мамандандырылған сотының төрағасы Алтынбек Сабыров, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев, СЖҚІА Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастығы Талғат Башев, Ақтөбе облысы бойынша ЭТ департаментінің бастығы Қуат Абдыханов, Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Ғалым Байжанов, Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты Қанат Тапаев, институт басшылығы, ардагерлер, жеке құрам мен курсанттар қатысты.
Жеке құрам сапқа тұрғызылып, институт басшылығы мен шақырылған қонақтар Кеңес Одағының Батыры Малкеждар Бөкенбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен батыр рухына тағзым етті.
Дәріс залының ашылу салтанатының ресми бөлігінде мемлекеттік органдардың басшылары шараның маңыздылығын атап өтсе, институт бастығы Ғалымжан Есболаев өз сөзінде тәртіпке бағынудың маңыздылығына тоқталды.
- Б.Момышұлы айтқандай, "Тәртіпке бағынған құл болмайды". Заңдылықты сақтап, тәртіпке бағыну - біздің қоғамның басты ұстанымы болуы тиіс. Ол үшін “Заң мен Тәртіп” қағидасын келешек ұрпақтың өмірлік бағдаршамына айналдыруымыз керек, - деді ол.
Бүгінгі ашылған дәріс залы осы міндетті іске асыруға, оқу орнында құқықтық білім берумен қатар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді.
Институт қабырғасында білім алған әрбір болашақ полицей заң мен тәртіпті ұстану арқылы Әділетті Қазақстанды өркендетуге өз үлесін қосады.