Заң мен тәртіп: полиция павлодарлық жастармен кездесу өткізді
Павлодар қаласының полицейлері Торайғыров университетінің базасында "Жас заңгер" студенттік клубымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеушілер мен киберполиция қызметкерлері пайдалы сабақтар өткізіп, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік, соның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқықтық нормалар жөнінде түсіндіріп берді. Сондай-ақ өзіңізді және туыстарыңызды фишингтен, криптовалютамен байланысты алаяқтықтан және жаңа түрдегі қылмыстардан қалай қорғау керектігін баяндап, елде дропперлік, сталкинг және мәжбүрлі некеге қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін түсіндірді.
- Құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді шараларының бірі – азаматтардың, соның ішінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Жастар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің қашан туындайтынын біліп, құқықтық тәртіп үшін жеке жауапкершілігін сезінуі өте маңызды. Қатысушылардың арасында полицияда қызмет етуді армандайтын болашақ әріптестеріміз бар. Іс-шара "Заң және тәртіп" қағидаты аясында өткізілді. Әрбір қатысушы өз сұрағын қойып, пікірін білдіру мүмкіндігіне ие болды, – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов.
Алдау жағдайлары туралы киберполиция қызметкері Сүйіндіа Қайырбаев айтып берді.
- Жалған достар жастарды теріс жолға салуы мүмкін, мұны білу маңызды. Кибералаяқтар жастарды "жеңіл табыс" уәдемен алдап, арбайды. Олар істеп жатқан әрекеттерінің мәнін толық ашпайды, бірақ бұл ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Мысалы, досыңыз сізден "ағасына" ақша аударуға көмектесуді сұрауы мүмкін. Ол өзінің банк картасы бұғатталғанын айтып, шұғыл көмек сұрайды. Алайда көмектескен соң, сіз дроппер боп шығуыңыз әбден мүмкін. Есіңізде болсын, қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ал 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін жаңа бап енгізіліп, заңды күшіне енді, - деді ол.
- Мұндай іс-шаралар жастар арасында құқықтық білім беруге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Егер әр азамат заңды сақтаса, елде тәртіп орнайды, – дейді Торайғыров Университеті экономика және құқық факультетінің деканы, профессор Юрий Колесников.
Студенттерге сталкинг пен мәжбүрлі некеге қатысты жауапкершілік туралы да айтылды. Негізгі жаңашылдықтардың бірі – сталкингке қылмыстық жауапкершілік енгізілуі. Бұл – зорлық-зомбылық қолданусыз, бірақ айтарлықтай психологиялық зиян келтіретін, мазасыз қудалау әрекеттері. Сондай-ақ мәжбүрлі некеге қатысты да қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Бұл өзгерістер ең алдымен әйелдер мен жасөспірімдерді қорғауға, мәжбүрлі некелердің алдын алуға бағытталған.
Теориялық сабақтардан кейін студенттер жедел-криминалистік бөлімшенің полигонында болды. Мұнда оларға күдікті қылмыскерлерге қатысты бағдарлар құрастыру бойынша қызықты жаттығулар көрсетілді. Студенттерге баллистикалық сараптама қалай жүргізілетіні, оқиға орнында саусақ іздері, айғақтар және өзге де дәлелдемелердің қалай жиналатыны көрсетілді.
- Мен заң факультетінде оқимын әрі студенттік клуб мүшесімін. Әрдайым полиция қызметкерлерінің өткізетін сабақтарына қуана қатысамын. Бүгінгі кездесу қызықты әрі әсерлі форматта өтті, ал алынған ақпарат өте пайдалы әрі өзекті болды. Кейбір сәттерді үйде ата-анама айтып беремін, олар да хабардар болсын, – дейді Торайғыров университетінің студенті Дмитрий Бабулиди.
Іс-шара соңында студенттер ұйымдастырушыларға пайдалы сабақ үшін алғыс айтып, ал тәртіп сақшылары жастарға кәсіби шыңдалуға, білімді, білікті маман болуға, сондай-ақ заңды бұзбай, тәртіп сақтауға тілектестігін білдірді.