Заң мен тәртіп — қуатты мемлекеттің негізі
Астанада Қазақстан полициясы күніне орай ерекше дрон-шоу өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда тұрғындары мен қонақтары 550 дроннан тұратын жарқын көріністің куәсі болып, оның тек мерекелік шара ғана емес, сонымен қатар маңызды үндеу екенін сезінді: қауіпсіздік пен заң — еліміздің тұрақты дамуы жолындағы негізгі құндылықтар.
Бұл күні Мемлекет басшысы алғаш рет құқық қорғау органдарының алқа мәжілісін өткізді. Президент олардың қызметінің стратегиялық маңызына ерекше назар аударып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуға, қылмыспен күресті күшейтуге және күш құрылымдарына деген қоғамдық сенімді арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ дәл осы күні республикалық “Заң және Тәртіп” атты ақпараттық-ағартушылық апталығы басталды. Апта аясында бүкіл ел бойынша қоғамдық, білім беру және алдын алу іс-шаралары жоспарланған.
Ақпараттық науқанның басты мақсаты — заңға құрметпен қарауды қалыптастыру, құқықтық мәдениетті нығайту және тәртіптің тұрақты әрі сенімді болашаққа жол ашатынын түсіндіру.