Заң мен тәртіп: Түркістанда жүргізушілерге арналған профилактикалық форум өтті
Түркістан қаласында полиция департаменті мен облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен “Заң мен тәртіп” қағидатын ілгерілету аясында "Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік" тақырыбында кең ауқымды профилактикалық форум ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі Ақтоты Боранова, күштік құрылым басшылары, студенттер, жедел жәрдем және ең бастысы көлік жүргізушілері мен жол ережесін жиі бұзатын азаматтар қатысты.
Форум аясында тәртіп сақшыларының қызметтік көліктері, заманауи камералар және жол қозғалысын қамтамасыз етуге арналған техникалық жабдықтардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Шара театрландырылған әсерлі көрініспен басталды. Сахналық қойылымда ішімдік ішіп көлік жүргізудің салдары мен адам өліміне әкелетін қайғылы оқиға көрсетіліп, көрермендерге жол ережесін қатаң сақтау қажеттілігі түсіндірілді.
Басқосуда облыстық сот төрағасы Айдос Сұлтанов, прокурор Мұрат Тлеубердиев, полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов баяндама жасап, жол қауіпсіздігі бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті.

- Жол-көлік оқиғалары — адам өміріне тікелей қауіп төндіретін аса өзекті мәселе. Облыста қабылданған шаралардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдарда ЖКО саны 5,9%-ға, қаза тапқандар 9,7%-ға, жарақаттанғандар 16,4%-ға азайды, — деді ПД бастығы.
Шара барысында жол қозғалысы ережесін бес жылдан аса уақыт бұзбаған жүргізушілерге полиция департаментінің бастығы мен облыс прокуроры арнайы марапаттар табыстады.
Форум спикерлері Ақтоты Боранова мен республикалық "24 kz" телеарнасының тілшісі Жандос Жұмабеков жол қозғалысы қауіпсіздігінің маңызын атап, статистикалық мәліметтер мен профилактикалық шаралардың нәтижелерін ұсынды.

Форум соңында әнші Жігер Ауыпбаев "Бауырым, жолға шықсаң абайлап жүр" әнін орындап, жолда әр адам үшін қауіпсіздік басты құндылық екенін жеткізді. Ән полицейлердің қызметін бейнелейтін арнайы бейнероликпен бірге көрсетіліп, көрермендерге әсерлі көңіл-күй сыйлады.

Ауқымды шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстардың жалғасы ретінде ұйымдастырылды. Осындай форумдар алдағы уақытта да өткізіледі.


