Заң мен тәртіп: Жетісу облысындағы "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы қорытындылары
Жетісу облысындағы "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы қорытындысы шығарылды - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін Жетісу облысында республикалық "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқықбұзушылықтарды анықтау және халықпен профилактикалық жұмысты күшейту.
Бір айдың ішінде полицейлер ауқымды тексерістер жүргізіп, 105 152 үйді аралады. Оның ішінде 74 517 жеке тұрғын үй мен 33 635 пәтер қамтылды. Тексеру барысында бөтен адамдар тұрып жатқан 52 жалдамалы баспана анықталып, олардың үшеуі полицияның жедел назарын аударды.
Ауылдық аймақтар мен саяжайларға ерекше көңіл бөлінді. 1452 шаруа қожалығы мен 3808 саяжай үйі тексеріліп, нәтижесінде жедел қызығушылық тудыратын бір адам анықталды.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – іс-шараның басты бағыттарының бірі болды. Әртүрлі құқыққа қайшы әрекеттер жасаған 263 жасөспірім ұсталып, олардың 12-сі Бейімдеу орталығына жіберілді. Жалпы алғанда, жасөспірімдерге қатысты 2387 құқық бұзушылық тіркелді.
Негізгі деректер:
-
қоғамдық орындарда алкоголь ішу және мас күйінде жүру – 4 дерек;
-
кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз ойын-сауық орындарында болуы – 9 дерек.
Тұрғылықты жері бойынша полиция есебінде тұрған 2848 адам тексеруден өтті.
Діни нысандарды бақылау да назардан тыс қалған жоқ. Облыс аумағындағы 244 мешіт, шіркеу және өзге де рухани мекеме қамтылды. Талдықорған қаласында кәмелетке толмағандарды заңсыз оқытумен айналысқан діни бірлестігінің екі филиалы анықталып, қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар облыс орталығында есірткі сайттарының жарнамасына қатысты бір дерек тіркеліп, заңға сәйкес бұғатталды.
Операция барысында жедел қызығушылық тудыратын 244 адам есепке алынып, дактилоскопиялық тіркеуден өткізілді.
Жүргізілген профилактикалық шаралар көрсеткендей, азаматтардың қауіпсіздігі үздіксіз бақылауды, жауапкершілікті және бірлескен күш-жігерді қажет етеді. Қоғамдағы заң мен тәртіп тек полиция қызметінің нәтижесіне ғана емес, әрбір азаматтың саналы қатысуына байланысты.