Заң жолындағы нәзік болмыс: Анықтаушы Қымбаттың өмірлік таңдауы
Ішкі істер саласындағы қызмет – жан-тәніңмен берілу мен тынымсыз еңбекке негізделген жауапты жол. Бұл – жай ғана жұмыс емес, өмірлік таңдау. Осы ұстанымды берік ұстанған жанның бірі – Аягөз аудандық полиция бөлімінің анықтау тобының аға анықтаушысы Қымбат Кенжеғұлова туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
1986 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген Қымбат Кенжеғұлова мектепті тәмамдаған соң Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте жоғары білім алып, туған қаласына оралады. Алғашқы еңбек жолын мемлекеттік әкімшілік салада бастаған ол көп ұзамай ішкі істер органдарына ауысып, 2013 жылдан бастап анықтаушы, ал 2019 жылдан бері аға анықтаушы лауазымында қызмет етіп келеді.
– Анықтау – алдын ала тергеудің аса жауапты кезеңі. Біз ұсақ ұрлықтар, құжаттарды қолдан жасау, денсаулыққа зиян келтіру секілді орташа ауырлықтағы қылмыстарды тергейміз. Заңды дұрыс қолдану, оқиғаның шындығын ашу – біздің басты міндетіміз, – дейді ол.
Қызметі тек қағазбастылықпен шектелмейді. Қауіпсіздікке бағытталған шаралар, тінту, жауап алу, оқиға орнын қарау секілді үдерістер – күнделікті жұмысының ажырамас бөлшегі.
Үнемі қарбаласқа толы қызметке қарамастан, Қымбат Кенжеғұлова отбасын басты құндылық санайды. Жолдасы – әскери қызметкер Сұңғат Уразбеков екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Екі жауапты мамандық иесінің арасындағы өзара қолдау мен түсіністік – отбасындағы үйлесімділіктің кепілі.
– Әйел адамға офицер болу оңай емес. Дегенмен біз ер-азаматтармен иық тірестіре отырып, өз ісімізді кәсіби атқара аламыз. Бұл – менің таңдауым. Өз мамандығымды шексіз құрметтеймін, – дейді ол.
Қымбат Кенжеғұлова – кәсіби шеберлік пен өмірлік тепе-теңдіктің жарқын үлгісі. Оның адал еңбегі, табандылығы мен жауапкершілігі – құқық қорғау саласындағы айрықша абыройдың белгісі.