"Заңды бұзудың түбі – темір тор": сотталғанның ащы өкініші
Қызылорда облысында сотталған азамат ащы өкінішін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде түрлі қылмыс жасаған азаматтар жазасын өтейді. Солардың бірі – бүгінде 63 жасқа келген азамат. Ол жалған шот-фактура жасау фактісі бойынша сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылып, қазіргі таңда ҚАЖ мекемесінде жазасын өтеп жатыр.
Жер ортасы жасқа жеткен сотталған өз өкінішін жасырмайды.
- "Алтын көрсе, періште жолдан таяды" демекші, мен де қателікке бой алдырдым. Зейнет жасына жетуіме аз ғана уақыт қалған еді. Сол күнге жете алмай, темір тордың ар жағында отырғаным жаныма қатты батады. Қателігімнің зардабын күн сайын сезініп келемін. Алғашында өте ауыр болды. Бірақ психологтардың қолдауы, мекеме қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстары маған ой салды. Енді түзеліп, қалған өмірімді дұрыс жолда өткізгім келеді. Жастар, мен сияқты өкінішпен өмір сүрмеңдер. Заңды бұзудың түбі – темір тор. Адал еңбектен асқан бақыт жоқ. Болашақтарыңды қылмыспен көлеңкелемеңдер, – дейді ол.