Браконьерлер аумен 300 келі балық аулап алған
Түркістан облысы Шардара қаласының полицейлері заңсыз балық аулаған Жетісай тұрғындарын ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Браконьерлерге қарсы жүргізілген арнайы рейд кезінде Шардара аудандық полиция бөліміндегі Табиғат қорғау тобы мен Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторлар аумен ұстағандардың қолынан 300 келідей балық тәркіледі.
Сөйтіп жергілікті Шардара су қоймасының маңынан Жетісай ауданының екі тұрғыны қолға түсті. Тәртіп сақшылары олардың қол астынан қайық пен ауды да тәркіледі. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Түркістан облысының полицейлері балық ресурстарын заңсыз аулау саласындағы табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.