Заңсыз балық аулаған балықшылар ұсталды
Түркістан облысы Мақтаарал аудандық полицейлер заңсыз балық аулаған төрт күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полицейлері браконьерлік және табиғат қорғау заңнамасын бұзу жайттарын болдырмау және анықтау мақсатында рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп отырады. Шаралардың бірінде Түркістан облысы Полиция департаменті табиғатта қорғау полиция тобының инспекторлары мен Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, «Охотзоопром» ӨБ-нің инспекторлары, су қорықшыларымен бірлесіп, Шардара су қоймасының Мақтаарал ауданы Азаттық елді-мекенінің аумағында жағажайдан электр ток көмегімен заңсыз балық аулап жүрген екі азаматты анықтады.
Тәртіп сақшылары ұсталған жергілікті екі тұрғыннан айғақты зат ретінде балық аулауға қажетті құрал-саймандармен бірге бес келіден астам әртүрлі балық түрлерін тәркіледі.
Жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау жөніндегі инспекторларының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде аталған аймақтан заңсыз балық аулаған тағы екі азамат ұсталды. Оларда жергілікті тұрғындар болып шықты.
Табиғатқа залал келтірген тұрғындардан балық аулауға қажетті жабдықтар мен 20 келі сазан балығы, үрмелі резеңке қайығы алынды.
Аталған жайттар ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы (балық ресурстарын және басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулау) бойынша тіркелді. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының полицейлері балық ресурстарын заңсыз аулау саласындағы табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.