Заңсыз балық аулағандар жауапқа тартылды
«Уылдырық шашу» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғаннан бері Павлодар облысының экологиялық полициясы экологиялық заңнаманың 61 бұзушылығын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кінәлі адамдарға жалпы сомасы 902 490 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен, рейдтік шаралар кезінде полиция Ертіс өзенінің жағасында заңсыз балық аулаған 45-50 жастағы тұрғындарды ұстады.
Кінәлілерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабына сәйкес 10 АЕК көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік хаттама жасалды. Сондай-ақ, уылдырық шашу маусымы кезінде балық аулауға тыйым салынатыны туралы балықшылармен профилактикалық әңгіме өткізілді.
Қоршаған ортаны қорғау полициясы балық аулау ережелерін бұзғаны үшін тек әкімшілік қана емес, сонымен бірге ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы (су биологиялық ресурстарын заңсыз алу (аулау)) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын ескертеді. Балықтарды қорғау органдарына уылдырық шашу маусымы кезінде браконьерліктің алдын алуға көмектесу үшін 2020 жылдың 10 мамырынан бастап 25 мамырына дейін облыста «Уылдырық шашу» профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.